Жүкті келіншек босану кезінде құрсағындағы шақалағымен бірге көз жұмды

"KTK" дерегіне сүйенсек, қайғылы жағдай 30 қаңтар күні Үржар ауданында болған. Төртінші баласын босануға кеткен Гүлнәр Қайратқызының ауруханадан мәйіті шыққан. Қара жамылған отбасы әйелдің ешқашан ауырмағанын айтады. Сондықтан дәрігерлердің салғырттығынан қайтыс болды деп топшылайды. Себебі дәрігерлер оған дәрі егіп, бір тәулік күтеміз деп жатқызып қойған көрінеді.
Марқұмның туыстары жағдайдан кейін жұмыстарынан қуылған дәрігерлердің қайта қайтып келгеніне наразылық білдіруде.
"Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы бұл ауданның бас дәрігеріне қатаң сөгіс жариялап, екі орынбасарын міндетінен шектеу туралы жарлық шығарды. Бірақ, мазақ қылғандай, ол екі орынбасары осы аурухананың бақандай орынбасары болып тағайындалды. Халық қайран қалып отыр",- деді аудан тұрғыны Ұлан Балапанов.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары ана мен бала өлімінен кейін қызметінен шектетілген дәрігерлердің қызметіне оралуына қатысты жауап бере алмады. Босануға келген әйелге тиісті ем-шара бекітілген нұсқаулық бойынша жасағанын ғана айтты.
"Гүлнәраның өліміне себеп, қызметтік тексеруде әйелдің босану протоколына сәйкес жүргізілді. Босанған кезде пайда болған асқыну осындай жағдайға әкелді. Қазір сот-медициналық сараптамасының түпкі қортындысы жоқ болғаннан кейін біз қылмыстық іс аясында диагнозін түсіндіре алмаймыз". Әсем Орынбаева, Абай облысы денсаулық сақтау басқармасы бөлім басшысының орынбасары
Бұған дейін Алматы облысында жасөспірімнен 5 млн теңге бопсалаған қаскөйлер ұсталғаны хабарланған болатын.