Атырауда ішімдіктен бас тартқан ауыл саны 54-ке жетті

Қаңтар айында Атырау облысы полиция департаменті алкоголь өнімдерінен бас тартып, ішімдіксіз ауыл атанған Индер ауданының Құрылыс ауылын өзге аумақтарға үлгілі елдімекен ретінде жариялады. Бұл бастама өңірдегі басқа да ауылдарға серпін беріп, ақпан айының қорытындысы бойынша ішімдіктен бас тартқан елді мекендердің саны 54-ке жетті.
Ішімдіксіз өмір салтын ұстанатын ауылдардың көбеюі қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың әл-ауқатына оң әсерін тигізеді. Осындай ауылдардың бірі – Индер ауданына қарасты Құрылыс ауылы.
Бұл елдімекен кейінгі бес жыл ішінде алкогольді ішімдіктерден толықтай бас тартып, салауатты өмір салтын ұстанудың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Ауыл дүкендерінде алкоголь өнімдері сатылмайды, ал тұрғындар ішімдіксіз өмірді саналы түрде таңдаған.

Сурет: polisia.kz
"Құрылыс ауылы құқықтық тәртіп пен тыныштықтың үлгісі ретінде танылып келеді. Тұрғындардың бірлескен шешімі нәтижесінде мұнда мас күйде жасалатын құқық бұзушылықтар мүлде кездеспейді, соңғы бір жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұл бастама ауылдағы қоғамдық тәртіпті нығайтып қана қоймай, қауіпсіздік деңгейін де арттырған. Ауылдың учаскелік полиция инспекторы Исатай Жасталапұлының айтуынша, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануы және қоғамдық қауіпсіздікке баса назар аударуы елдімекеннің өркендеуіне оң ықпал етіп жатыр", - деп хабарлады полиция.