Қазақстанда наурыздағы ҰБТ басталды: бірінші күні еліміз бойынша 775 адам тест тапсырады
Сурет: Ұлттық тестілеу орталығы
Талапкерлер өтініш беру барысында олар тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады. Тестілеудің бірінші күні еліміз бойынша 775 адам ҰБТ тапсырады.
Ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы – "Биология-Химия", яғни талапкерлердің 17,5%-ы медицина, педагогика және ауыл шаруашылығы мамандықтарына түсуді жоспарлаған. Ал 17,1%-ы "Математика-Физика", 10,5%-ы "Математика-Информатика" пәндерін таңдады, сәйкесінше болашақ инженерлер мен IT-мамандары.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде "Қазақстан тарихынан" 20 тапсырма, "Оқу сауаттылығынан" 10 тапсырма, "Математикалық сауаттылықтан" 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл – 140.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
Еске салайық, наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.