Пойыздарда үй жануарларын тасымалдау ережелері: нені ескеру керек

Пойыздарда үй жануарларын тасымалдау ережелері: нені ескеру керек , сурет - Zakon.kz жаңалық 04.03.2025 11:34 Сурет: pixabay
Қазақстандықтарға пойыздарда үй жануарларын тасымалдау ережелері туралы еске салынды. "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі үй жануарымен саяхаттау ыңғайлы болуы үшін белгіленген ережелермен алдын ала танысу қажет екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл ретте, жолаушылар пойыздарында тек үй жануарларын тасымалдауға рұқсат етіледі, олардың саны екіден аспауы тиіс (мысықтар, иттер, құстар).

Басқа жолаушылардың жайлылығын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, үй жануарымен жолға шығатын жолаушы купедегі барлық орындарды толықтай сатып алуы қажет.

"Жануарларды иесіз пойызға кіргізуге тыйым салынады",- делінген ақпаратта.

Сондай-ақ, қала маңындағы пойыздарда жолаушылар арнайы тасымалдау құралдарына (тор, жәшік, себет) салынған екі үй жануарын тегін алып жүре алады.

Айта кету керек, үй жануарлары мен құстарды тасымалдау тиісті ветеринариялық паспорттар немесе анықтамалар ұсынылған жағдайда ғана мүмкін. Бұл құжаттарды пойызға отырғызу кезінде көрсету міндетті.

Сонымен қатар, үй жануарларын алып жүру барысында олар үшін толық жауапкершілік иесіне жүктеледі.

"Жануар иесі оларды (торда, жәшікте, себетте) станция аумағында, пойызға міну және түсу кезінде, сондай-ақ пойыз ішінде бақылауда ұстауы қажет. Тамақтандырғаннан кейін тазалық сақтап, артынан жинастыруды ұмытпаған жөн",- деп мәлімдеді ведомство.

Мәселен, ірі тұқымды иттерге тұмылдырық пен қарғыбау тағу міндетті. Оларды алып жүру кезінде салмағына сәйкес есептелген багаж тарифі қолданылады. Үлкен иттер тек бірінші вагонның пайдаланылмайтын тамбурына орналастырылады. Ит иесі оны алып жүруге және жол бойындағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық жауапты.

Зағип жанға серік болатын бағыттаушы иттерді кез келген вагонда алып жүруге рұқсат етіледі. Бұл үшін қосымша ақы алынбайды.

Сонымен қатар, вагон-мейрамханаға жануарлармен кіруге тыйым салынады. Жолаушылар мен пойыз қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін жануарларды тасымалдауға жол берілмейді.

Ұлттық тасымалдаушы жолаушыларға үй жануарларымен сапарларын алдын ала жоспарлап, тасымалдау шарттары туралы ақпаратты 1433 нөмірі арқылы тегін білуге немесе вокзалдағы билет кассаларынан нақтылауға болатынын ескертеді.

Бұған дейін енді еліміздегі мүгедектікті белгілеу жөніндегі мемлекеттік қызметтер жаңа тәсілмен жүргізілетіндігі хабарланған болатын.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: