Жамбыл облысының әкімі жер сілкінісі туралы жалған ақпаратқа сенбеуге үндеді

Жамбыл облысының әкімі жер сілкінісі туралы жалған ақпаратқа сенбеуге үндеді, сурет - Zakon.kz жаңалық 29.03.2025 12:25 Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жер сілкінісі орын алған Меркі және Т.Рысқұлов аудандарындағы табиғи апат салдарын жою бойынша жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Басқосуға азаматтық қорғау қызметінің, жергілікті атқарушы органдардың, тиісті ведомстволардың басшылық өкілдері қатысты.

Жиында Меркі және Т.Рысқұлов аудандарының әкімдері ағымдағы жағдай бойынша есеп берді.

Аудандарда зардап шеккен азаматтар тіркелмеген. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандары қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.

Жалпы Меркі және Т.Рысқұлов ауданында 14 әлеуметтік нысан ішінара зардап шеккен. Оның ішінде тоғыз білім беру, екі денсаулық сақтау, бір әлеуметтік қорғау, бір спорт және бір мәдениет нысаны бар.

Қосымша бүлінген нысандарды анықтау, зерделеу жұмыстары жалғасып жатыр.

"Мемлекет басшысы өңірдегі жағдайды жеке бақылауында ұстап отыр. Президент әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті көмек көрсетуді жүктеді. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Төтенше жағдайлар вице-министрі бастаған үкіметтік жұмыс тобы облысқа жіберілді. Әлеуметтік және тіршілікті қамтамасыз ету, өнеркәсіп нысандарының жай-күйі, жол қатынастары тұрақты бақылауда болуы қажет. Тұрғындардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды", - деді Ербол Қарашөкеев.

Ол шығын көлемін анықтау үшін кешенді шаралар қабылдап, тұрғындардың талап-тілектерін барынша назарға алуды тапсырды.

Сонымен бірге аудан әкімдеріне ауылдық елді мекендердегі нысандарды толық аралап, ахуалды көзбен көруді, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, қажеттілігіне қарай психологиялық көмек көрсетуді ескертті.

Облыс әкімі БАҚ пен әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттардың таралып жатқанына назар аударды. Жамбылдықтарды тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырды.

"Тұрғындарды алаңдатқан Меркі ауданына техникалардың келуі, уақытша шатырлардың орнатылуы — ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған алгоритмге сәйкес жүргізіліп жатыр. Алаңдауға негіз жоқ", - делінген хабарламада.

Еске салайық, 2025 жылғы 28 наурыз күні түнде Жамбыл облысының бірқатар ауданы мен Таразда жер сілкінісі тіркелді.

Жер асты дүмпуінің жоғары қарқыны – 5 балл – Меркі ауданында сезілді. Т.Рысқұлов ауданында жер сілкінісінің күші 4 балл, Тараз қаласы мен қалған аудандарда 2 балл болды.

Жер сілкінісі 15:56-да қайта сезілді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: