Тоқаев Жамбыл облысының жаңа әкімін тағайындады
Тиісті жарлыққа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 5 қыркүйекте қол қойды.
"Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев Жамбыл облысының әкімі лауазымына тағайындалсын", – делінген Ақорданың ресми сайты жариялаған құжатта.
Ербол Қарашөкеев 1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген.
Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, Қазіргі заман гуманитарлық институтын бітірген.
Еңбек жолын 1998 жылы ҚР Статистика агенттігінің Талдау және конъюнктуралық зерттеулер басқармасының бас маманы болып бастаған,
1999-2001 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің консультанты, коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдар атқарды.
2003-2006 жылдары "Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы" АҚ Қаржы департаментінің директоры-Басқарма мүшесі, ҚР Қаржы министрлігінің жиынтық-талдау департаментінің директоры, "ҚазАгро" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ басқарушы директоры, "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ Басқарма төрағасы, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің "Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу орталығы" РМК директоры, "ҚБТУ мұнай-газ инжинирингі және ақпараттық технологиялар институты" ЖШС бас директоры, "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, ҚР Президенті әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің төрағасы, "ҚазАгро" Холдингі" АҚ Басқарма төрағасы қызметтерін атқарған.
2021 жылдың сәуір-шілде аралығында ҚР Қаржы вице-министрі, шілдеден бастап ҚР Ауыл шаруашылығы вице – министрі -министрінің міндеттерін атқарушы болып қызмет еткен.
2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарып келді.
2023 жылғы 4 қыркүйек күні мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі болып Айдарбек Сапаров тағайындалды. Ол 2022 жылғы 1 желтоқсаннан бастап қазіргі уақытқа дейін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болған.