Алматыда тұрғын үй кешенінің күзетшісін айуандықпен өлтірген ер адам 22 жылға сотталды

Іс материалдары бойынша 2023 жылғы қыркүйекте сотталушы құрбысының қарым-қатынасты жалғастырғысы келмейтінін біліп, кек алу мақсатында "W" желісі арқылы оның таныстарына онымен бірге түскен фотосуреттер мен видеоларды жолдаған.
Екінші эпизод 2024 жылғы наурыз айында түнгі уақытта сотталушы мас күйінде жәбірленушімен жанжалдасып арты төбелеске ұласқан. Жәбірленушімен соққылар алмасып, сотталушы өз көлігіне отырып, тұраққа шығатын жерге қарай бет алған, сол жерде жәбірленуші сотталушының тұрақтан шығуына жол бермей, қақпа мен шлагбаумды жауыптастаған. Сотталушы қақпаны, шлагбаумды және бағананы қағып, артында тұрған жәбірленушіні құлатқан. Ол тоқтамай, көлігімен жерде жатқан жәбірленушінің үстіне өткен. Одан кейін көліктен түсіп, жатқан күзетшіні аяқ-қолымен бірнеше рет ұрып-соғып, содан кейін көлігіне отырып кетіп қалған.
Жәбірленуші алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды.
Сот сотталушыны кінәлі деп танып, оған
- ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша – 19 жыл бас бостандығынан айыру;
- ҚК-нің 147-бабының 5-бөлігі бойынша – 4 жыл бас бостандығынан айыру туралы
үкім шығарды.
Үкімдерді ішінара қосу арқылы түпкілікті жаза 22 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Кісі өлтіру үшін моральдық шығынды өтеу үшін 20 миллион теңге, ал жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзғаны үшін 4 миллион теңге өндірілді.