Этносаралық, конфессияаралық қатынастарды саясиландыруға жол бермеу керек – Президент

2025 жылғы 24 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары еліміздің саяси-идеологиялық келбеті түбегейлі өзгергендігін айтып өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Тоқаев басқосуда экономикада жүйелі реформалар қолға алынғанын, ең бастысы, қоғамның сана-сезімі өзгере бастағандығын айтты.
"Кейінгі жылдары саяси оқиғаларға баға беру тұрғысынан халқымыздың көзқарасы да жаңа сипатқа ие болды. Алға қарай адымдап қадам басты деуге болады. Біз заманауи және алдыңғы қатарлы қоғамға айналдық. Мұның бәрі біздегі қоғамдық келісім үлгісіне де тың талаптар қояды. Кеше ғана тиімді саналған әдіс-тәсілдер бүгін жарамсыз болуы мүмкін",- деді Тоқаев.
Оның айтуынша, бізге ескіліктің ізіне қайта түспеу үшін барлық жетістіктеріміз бен сәтсіздіктерімізді таразы басына қойып, зерделеу қажет.
"Ең әуелі, Ассамблея қызметінің мәні мен мазмұнын қайта қараған жөн. Менің түсінігімде Ассамблея мемлекеттің этносаралық саладағы барлық жұмысына бағыт беретін стратегиялық штабқа айналуы керек.Аталған нақты міндеттерді жүзеге асыру ұлтаралық қарым-қатынас сияқты маңызды әрі нәзік салада атқарылып жатқан ауқымды істерді жаңа мазмұнмен толықтыратынына сенімдімін. Ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және солай болып қала береді". Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстанда келісім, төзімділік, достық ұғымдары құр ұран емес, азаматтардың күнделікті өмір салтына айналған құндылық, деді президент.
"Ауқымды қақтығыстар, сауда соғыстары, адам өмірінің құнсыздануы кезеңінде бейбітшіліктің қадірі ерекше арта түсті. Өйткені, бұл – дамудың басты кепілі. Барлығымыз қал-қадірімізше бейбітшілікті сақтауға атсалысамыз. Мен бұған дейін барлық әкімдерге тұрақты түрде этносаралық, ұлтаралық келісім мәселесіне арналған жиналыс өткізіп тұруды тапсырдым. Орталық және жергілікті атқарушы органдар осы маңызды саланы жіті назарда ұстауы керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынас мәселесін ешқашан саясат немесе түрлі арандату құралына айналдыруға болмайды. Бұл – мемлекеттің де, бүкіл қоғамның да бұлжымас қағидасы". Мемлекет басшысы
Бұған дейін Тоқаев Ассамблеяның басты міндеттеріне тоқталып өткен болатын.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript