Қазақстан көрші елдермен достық қарым-қатынасты нығайтуға ерекше көңіл бөледі – Президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 24 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстанның көрші елдермен қарым-қатынасы бауырластық рухында дамып келетіндігін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ қашанда көршісін қадірлей білген. Қуанышта да, қиындықта да көршісіне сүйенген, көршінің қасынан табылған.
"Көрші ақысы – тәңір хақысы" деген ұғым дінімізде және дәстүрімізде бар. Бұл – бізге атадан қалған өсиет, анадан берілген қасиет. Халқымыздың тату көршілік дәстүрі әлі де жалғасып келеді. Қоныстас адамдар ұлтына, дініне, тіліне қарамастан араласып, құраласып жатады. Қазақстан көрші мемлекеттермен достықты нығайта түсуге айрықша мән береді",- деді президент.
Сондай-ақ, ол Қазақстанның көрші елдермен қарым-қатынасы бауырластық рухында дамып келетіндігін айтты.
"Ресей – Қазақстанның бұрыннан келе жатқан негізгі стратегиялық серіктесі әрі сенімді одақтасы. Қытай елімен ықпалдастық тамыры да тереңде жатыр. Қытай халқы қазақ халқына ешқашан зиян келтірген жоқ, болашақта да зиян келтірмейді. Алатауды тең жайлаған қырғыздар – бір туған бауырларымыз. Ежелден еншілес өзбек ағайынды өз ағам деп қадір тұтамыз. Түбіміз бір деп түрікмендерді туыс санап, шын жүректен құрметтейміз. Қарт Каспийдің жағасындағы әзербайжан еліне деген ықыласымыз да ерекше. Бір сөзбен айтсақ, көрші елдермен қарым-қатынасымыз бауырластық рухында дамып келеді". Қасым-Жомарт Тоқаев
Бұл ретте, Тоқаев біздің арамызда түйткілді мәселе жоқ екенін атап өтті.
"Қазақстан мен Ресей құрлықтағы ең ұзын шекараны әуел бастан дау-дамайсыз шегендеп алды. Жақында Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан ұзақ жыл бойы шешімін таппаған шекара мәселесі бойынша ортақ мәмілеге келіп, тарихи келісімге қол қойды деп айтуға болады. Біз бауырлас елдер үшін қуанамыз, оларды әрдайым қолдаймыз",- деді ол.
Сондай-ақ, ол қазіргідей аумалы-төкпелі заманда ауызбіршіліктің қадірі арта түскенін айтты.
"Бейбітшілік пен тұрақтылық – тағдырдың бізге бере салған сыйы емес. Бұл – бір ел, бір халық болып атқарып жатқан қажырлы еңбектің жемісі. Біз сындарлы сәтте жұрт болып жұмыла білеміз. Бұған былтыр Ақтау маңында ұшақ апаты болғанда тағы бір мәрте көзіміз жетті. Азаматтарымыз зардап шеккен адамдардан көмегін аяған жоқ. Кезекке тұрып, қан тапсырды. Әзербайжан Елшілігіне барып, гүл шоқтарын қойды. Бүкіл әлем халқымыздың ұйымшылдығы мен жанашырлығына тәнті болды. Халқымыздың жүрегі – кең, пейілі – ақ, ниеті – таза. Мейірімділік, қамқорлық және тілеулестік – біздің ұлттық ерекшелігіміз. Біз осы құндылықтарымызды сақтап, өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек",- деді президент.
Бұған дейін Тоқаев Ассамблеяның басты міндеттеріне тоқталып өткен болатын.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript