Жеке мүддесін ғана ойлайды – Тоқаев популистер мен саясаткерсымақтар туралы

Мемлекет басшысының сөзінше, дүние жүзі сенім дағдарысымен бетпе-бет келген шақта экстремистік идеологияның оралуы, популизм мен талас-тартыстың өршуі, халықаралық құқықтың құнсыздануы, негізгі халықаралық институттардың әлсіреуі байқалады.
"Сондықтан Қазақстан БҰҰ Жарғысын қатаң ұстануды, Ұйымды реформалауды дәйекті түрде ұсынып келеді. Қазіргі жағдайда БҰҰ баламасы жоқ ғаламдық ұйым болып қала береді. Сондықтан біз БҰҰ-ны қолдаймыз. Еліміз түрлі мемлекеттер мен аймақтардың арасындағы достық пен ынтымақтастыққа, өркениетті диалогты дамытуға дәнекер болу үшін көп күш жұмсап келеді. 20 жылдан аса уақыттан бері барлық негізгі конфессиялардың өкілдері әр үш жыл сайын Қазақстанда бас қосады. Биыл күзде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті VIIІ съезін өткізу жоспарланып отыр",- деді президент.
Бұл ретте, президент былтыр Астанада Съездің Ізгілік елшілері сайланғанын еске салды.
"Олар адамгершілік идеяларын ілгерілетіп, әлемде диалог пен өзара түсіністік орнатуға ықпал етеді. Халықаралық қатынастардағы сенімсіздікті еңсеру үшін рухани дипломатиядан бөлек, ҚХА қызметімен ұштасып жатқан халықтық дипломатияның да мол әлеуетін пайдалану керек. Әртүрлі ел мен мәдениет өкілдерінің арасындағы достық байланыс қақтығыстар мен соғыстардың алдын алады. Бұл – ең тиімді тәсіл. Қазақстан халқы Ассамблеясы әлемдегі диалог пен мәдени әралуандықты нығайтуға қызмет етеді. Бүгінде әлем жалпыға ортақ өрлеуге бағытталған жасампаз күн тәртібі мен үлкен жобалардың тапшылығын қатты сезініп отыр. Қазақстан барлық серіктесімен көпжоспарлы әрі нәтижелі жұмысқа ден қояды".Қасым-Жомарт Тоқаев
Оның айтуынша, берекесіздікке бой алдырмау үшін әлемдік қауымдастық мүдделер тоғысатын тұсты іздеуге, күрделі шешімдер қабылдауға және амалсыз мәмілелер жасауға мәжбүр болады.
"Диалог жоқ жерде, қарсылық пен түсініспеушілік туындайды. Қазіргі сын-қатерлерді ауқымды халықаралық ықпалдастық арқылы ғана жеңе аламыз деп сенемін. Өзара біте қайнасқан әлемде ғаламдық мәселелерді шешудің бұдан басқа жолы жоқ. Сондықтан прагматизм мен өзара құрметке, теңдікке, әділдікке, ешкімді алаламауға негізделген сындарлы келіссөздер мен тұрақты байланыстар халықаралық жағдайды оңалтып, шиеленістердің түйінін тарқатады",- деді ол.
Мұнымен қоса, ол қазір бүкіл әлемнің болашағы бұлыңғыр болып тұрғанын айтты.
"Осы алмағайып заманда стратегиялық бағдарымызға сай әрекет ету – алдымызда тұрған аса маңызды міндет. Біз қолға алған ауқымды жобаларды жүзеге асыра береміз. Елімізге инвестиция тартып, өнеркәсіп саласындағы әлеуетімізді арттырамыз. Біз қазіргі ахуалды ескере отырып, ұзақ мерзімге арналған мақсаттарымызға қол жеткізу үшін тиянақты әрі тиімді жұмыс істеуіміз керек",- деп баса айтты мемлекет басшысы.
Тағы бір мәселе. Қазіргі күрделі жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келетін түрлі популистер мен саясаткерсымақтар бар. Мемлекет басшысының айтуынш, ел мүддесіне қастық ойлаған ондай адамдарға тұтас қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Алда күрделі кезең келе жатыр. Оңай болмайды. Бірақ алаңдауға еш негіз жоқ.
"Мен көп жағдайда "Бұл қиындық та артта қалады" деп ашық айтамын. Сол сөзімді осы жерде тағы қайталағым келеді. Біз сын-қатердің бәрін еңсеріп келеміз. Бұл жолы да солай болады. Ең бастысы, барынша жинақы болып, нақты нәтижеге ұмтылуымыз керек. Кез келген ауқымды дағдарыстан кейін зор мүмкіндіктерге жол ашылады. Сол мүмкіндіктерді дер кезінде әрі дұрыс пайдалану қажет. Өз күшімізге ғана арқа сүйеп, барлық ресурсты ортақ мақсатқа жұмылдыруымыз керек. Бос сөзге ұрынып, байбаламға салынбай, жасампаз болғанымыз абзал. Әр азаматтың бойында жауапкершілік сезімі өте жоғары болуға тиіс. Қоғамда өзара тілеулестік болуы керек. Әр істе темірдей тәртіп болуы қажет. Сонда еліміз де орасан зор табысқа жетеді. Баршаңызға мәлім, Заң мен тәртіп – менің стратегиялық бағдарымның арқауы. Мен әр сөйлеген сөзімде осы қағидаттарға арнайы тоқталамын. Таза Қазақстан, Заң мен тәртіп, Адал азамат идеяларының өзегі де – осы",- деп қорытындылады президент.
Бұған дейін ол араздыққа алып келетін барлық арандатушылықтың жолын кесу қажет екенін айтқан болатын.