Тоқаев: Араздыққа алып келетін барлық арандатушылықтың жолын кесу қажет

Мемлекет басшысының айтуынша, заң алдында бәрі тең.
Сол себепті еліміздегі этносаралық келісім мен бейбітшілікке нұқсан келтіретін кез келген арандатудың жолын кесіп, бұдан әрі де қатаң тосқауыл қоятынына тоқталды.
"Өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетін кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүргенін айтпасқа болмайды." Қасым-Жомарт Тоқаев
Бұл Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халқымызға шабуыл жасайтын, тіпті, мемлекеттік органдарды бопсалайтын бұрынғы азаматтарымыздың әрекеті. Олар шет мемлекеттер берген ақшаны ақтауға жұмыс істеп жүр, деді президент
"Бүгінде мұны бәрі біледі. Демократияны біреудің қаржысымен орнатуға болмайды. Еліміздің әл-ауқаты, соның ішінде демократия мен сөз бостандығы үшін шетелде ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды. Оны нақты түсінген жөн. Жақында шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың әрекеттері әшкереленді. Сонда олардың арам ниеті, ашкөздігі мен Қазақстанға жаны ашымайтыны анық көрінді". Президент
Сондай-ақ кейбір танымал қазақстандық грант алушылардың көлеңкелі әрекеттері де белгілі болды.
"Қазақстанда проблема жоқ демейміз. Әрине, басқа елдердегідей бізде де түйткілдер бар. Бірақ біз оны әлдекімдердің әдістемесімен емес, өзіміздің ұлттық мүддеміз бен заңнама аясында шешеміз. Осындай қисынды әрекеттерімізді халқымыздың басым көпшілігі мен ниеті адал халықаралық серіктестеріміз дұрыс түсінетініне сенімдімін." Мемлекет басшысы
Идеологиялық өшпенділік – біздің дүниетанымымызға мүлде жат. Дәстүріміз бен құндылықтарымыз, болмысымыз бен өмір салтымыз ұлтымызды біртұтас тарихи-мәдени және саяси қауым ретінде біріктіріп, тұтастығын бекемдейді, – деді Тоқаев.
"Көк паспортымыз ұлттық бірегейлігіміздің айқын нышанына айналды. Жыл өткен сайын төлқұжатымыздың абырой-беделі көтеріліп келеді. Бұл халықаралық қауымдастықтың бізге деген қызығушылығы артып, еліміздің ықпалы күшейе түскенін көрсетеді. Әр құрлықтағы түрлі мемлекеттің азаматтары тұрақты тұру немесе демалу үшін біздің елді жиі таңдайтын болды. Бұл – кездейсоқтық емес. Қазақстан беделді халықаралық рейтингтердегі қауіпсіздік индексі бойынша айналамыздағы көптеген мемлекеттердің бәрінің дерлік алдында тұр. Ал заң үстемдігі индексіндегі "Тәртіп пен қауіпсіздік" көрсеткіші бойынша, 142 елдің ішінен 43 орынға табан тіреді". Қасым-Жомарт Тоқаев