Ассамблея – ұлт консолидациясының алаңы

Ассамблея – бейбітшілік пен келісімнің ерекше институты, сурет - Zakon.kz жаңалық 24.04.2025 20:08 Сурет: Олжас Бейсенбаевтің жеке архивінен
Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан халқы Ассамблеясы жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім символына айналған стратегиялық маңызды институт болып орнықты.

Ол жай ғана диалог алаңы емес, әр азаматтың үні естілетін, мәдени әралуандықтың қайнар көзі, теңдік пен мүмкіндіктер алаңы. Ассамблеяның жасампаз қызметінің арқасында Қазақстан жаһандық тұрақсыздық жағдайында маңызды құндылыққа ие этносаралық үйлесімнің ошағы болып қала бермек.

Бүгінде Ассамблея өзінің жинақтаған қомақты тәжірибесі мен беделіне сүйене отырып, ұлттың құндылық бағыт-бағдарын айқындауға атсалысып, оның тұтастығы мен дамуына табанды түрде үлес қосуда.

Біріншіден, Қазақстан халқы Ассамблеясы жастардың мәдени ашықтығы мен азаматтық бірегейлігін нығайтуға елеулі үлес қосуда. Ол Ассамблея аясындағы жастардың қайырымдылық жобалары, волонтерлік жұмыстарынан айқын көрініп отырады. Былтырғы ел өңірлерінде қарғын судың қаупі туғанда Ассамблея жастары да айтарлықтай үлес қосып, жұдырықтай жұмыла білді. Орталық Азия аймағындағы халықаралық жастар ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған "Jastar Generation" бастамасы аймақ жастарының мәдени ықпалдастығына жол ашты. Осы жобаның аясында 2024 жылы Алматы қаласында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және басқа да елдердің жас көшбасшылары, белсенділері мен еріктілері қатысқан халықаралық жазғы лагерь ұйымдастырылды. Бұл лагерь өңірлік ынтымақтастықты қалыптастыру, көшбасшылық құзыреттерді дамыту және Орталық Азия жастары алдында тұрған өзекті мәселелерге бірлесіп шешуге мүмкіндік береді. Сананың ашықтығы мен ойдың ұшқырлығы заманның сын-қатеріне иық тіресіп жауап беретін қажетті құзыреттер.

Екіншіден, этносаралық өзара интеграция өңірде және мемлекеттік деңгейде тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздіктің маңызды факторы болып қала береді. 2024 жылғы "Жастар" ҒЗО әлеуметтанулық зерттеуі бойынша, Қазақстан жастарының көпшілігі елдегі этносаралық жағдайды тұрақты және қолайлы деп бағалайды. Мәселен, респонденттердің 93,6%-ы этностық ерекшелігіне байланысты қысым көрмегенін атап өтті. Тек 10,3% ғана мемлекеттік тілді білмеуіне байланысты ыңғайсыздық сезінгенін айтады. Респонденттердің 80,5%-ы өз елді мекендерінде этносаралық қақтығыстың туындау ықтималдығы жоқ деп есептейді. Тек 16,3% мұндай болуы мүмкін деп мойындаса, 3,2% жауап беруге қиналды.

Бұл көрсеткіштер түрлі этностар, әсіресе жастар арасындағы әлеуметтік төзімділік пен сенім деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.

Үшіншіден, Қазақстан халқы Ассамблеясы жастардың азаматтық белсенділігін көрсететін бірден-бір орта. Қазақстан жастарының азаматтық белсенділігі, негізінен, еріктілік пен әлеуметтік бастамаларға қатысу арқылы көрініс табады және ол тұрақты түрде дамып келеді. 2024 жылғы "Жастар" ҒЗО әлеуметтанулық зерттеуі бойынша, жастар негізінен еріктілер қозғалысына қатысу (17,2%), жастар жобалары мен ұйымдарына қатысу (15,5%), қайырымдылық (13,8%) және экологиялық ұйым жұмысына атсалысу (10,5%) арқылы азаматтық белсенділігін көрсетеді.

Сонымен қатар, жастар қайырымдылық (23,8%), еріктілер ұйымдарына (22,3%), кәсіпкерлікті дамыту жобаларына (22,3%) және экологиялық ұйымдарға (21,8%) қатысуға қызығушылық танытып келеді.

Осы үрдіс аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы жастарды азаматтық бастамаларға тарту және этносаралық келісімді дамыту үшін елеулі әлеуетке ие деп есептейміз. Бүгінгі жиында облыстардағы Достық үйлерін құру, Ассамблеяның алдағы жұмыс жоспарын жаңа мазмұнмен толықтыру ұсынысы орынды. Өңірдегі жастардың азаматтық белсенділігін ашатын инклюзивті институттар кеңейе бергені маңызды.

Төртіншіден, Жас ғалымдар клубы Ассамблеяның ғылыми жұмысына соны серпіліс береді деп санаймыз. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған сессияда Мемлекет басшысы өз сөзінде Жас ғалымдар клубы туралы орынды айтып өтті. Бұл клуб жас ғалымдар үшін ел ісіне үлес қосатын азаматтық жауапкершіліктің ортасына айналып келеді. Клубтың тең төрағасы ретінде мен осындай маңызды жобаның бір бөлігі болғаныма қуаныштымын. Бұл клуб маған этносаралық келісімді нығайту, диалогты дамытуға және жастар арасында мемлекетшіл көзқарасты ілгерілетуге тың мүмкіндік береді. Түрлі мамандықты игерген 30-дан аса маманды біріктірген Жас ғалымдар клубы – тек идея алмасу алаңы ғана емес. Бұл – қазіргі заманның ең өзекті сын-тегеуріндеріне, қоғамдағы бетбұрысқа интеллектуалды жауап іздейтін және табатын, бірлік пен прогресті ғылыми тұрғыдан негіздейтін жастар қауымдастығы деп айтсақ артық болмайды.

Олжас Бейсенбаев,

"Жастар" ғылыми-зерттеу орталығының директоры

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: