Мүгедектігі бар адамдардың жәрдемақысы: Қазақстанда 2025 жылы кім және қанша алады
Фото: freepik
Әлеуметтік қолдау және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – ЕХӘҚМ) басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда тұратын мүгедектігі бар 737,4 мың адамның 415,9 мыңы еңбекке қабілетті жастағы (56,4%), 206,8 мыңы зейнеткерлік жастағы (28,0%) азаматтар болса, 114,7 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар (15,6%).
2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 541,1 мың адамды құрайды.
Осы жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 126 млрд теңге бағытталды.
Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған "Республикалық бюджет туралы" заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады. Биыл 1 сәуірде мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың орташа мөлшері 78 763 теңгені құрады.
Бұдан басқа міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен берілетін жәрдемақыларға қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады.
Төлемдердің мөлшері жеке және келесі факторларға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ке әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбек ету қабілетінен айырылу коэффициенттері, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу және табысты ауыстыру өтілі.
2025 жылғы 1 сәуірде еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайы бойынша жалпы сомасы 12,8 млрд теңгеге 90,6 мыңнан астам адам әлеуметтік төлем алды. 1 сәуірдегі жағдай бойынша әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 47 053 теңгені құрайды.
2025 жылдың 1 сәуірінде еліміз бойынша 7 қалада орталықтар ашылып, жұмыс істеуде: Шымкент, Павлодар, Өскемен, Талдықорған, Тараз, Қостанай және Ақтөбе.
Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Қазақстанның барлық өңірлерінде әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін бейімдеу бойынша жұмыс жүргізілуде. 2023-2027 жылдар аралығында Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 42 мыңнан астам нысанды бейімдеу көзделген. Бүгінгі таңда еліміз бойынша 23 мыңға жуық нысан толықтай бейімделген.