Жамбыл облысында түйе асырап, тауық өсірген ерекше шаруа тұрады

Қазір қол астында 40-тан аса түйе, тауыс құстары, кептер мен тасбақаға дейін бар. Тіпті құмды далада жасанды көл жасап, миллондаған балық өсіріп отыр.
Жанбөрі Сыздықов осыдан 30 жыл бұрын жалғыз түйесіне мініп, жапан даладан жер іздейді. Сарысудың сортаңын Асан қайғы секілді аралайды. Кезерген шөлді кезіп жүріп, 500 гектар жердің иесі атанады. Бүгінде қожалығында 40-тан аса түйе бар. 10 млн шабақ, 2 мыңнан астам сазан өсіреді. Шығысазиялық екі тауысты жерсіндіріп, құстары 9 балапан басып шығарған, деп жазады qazaqstan.tv.
"Соларды тамақтандырып, көбейтіп, өсіріп, соның өзінен мен ләззат аламын. Бизнес мақсатында ұстап жатқан құс емес, балық та, бәрі де өзімнің демалысыма, бала-шағының табиғатқа бір табан болса да жақын өссін, адам табиғатымен бір-біріне байланысты нәрсе ғой. Бала-шаға да табиғатты сүйіп, жақсылап өссін, табиғатты сүйген адам қор болмайды." Жанбөрі Сыздықов, шаруа
Шаруа күніне 10 түйе сауады. Сауындағы әр інген мен аруана 8 литр сүт береді. Ал маң басқан мал төресінің үш жастағы үлек, бураларын мініске үйретеді.
Айырөркешті түйенің атанша түлігі апта бұрын қолға үйретілген екен. Сондықтан жүрісі жуас болғанымен, аздап асаулығы да бар. Сортаң даланың сәні болған ойсылқара түлігі 30-50 шақырымға дейін сиыр желіске салынып, жайылып жүре береді. Ал оларды қақпайлап қораға қайтарып келуде осы 3 жастағы атаншаның көмегі зор.
55 жастағы шаруаның шағын ауласы зообақ секілді. Аяқ астында аяңдап тасбақалары жүреді, көгершіні де көп. Ал түйе сүтінен шұбат әзірлеп, құрт жасаған қызы әке жолын қууға ниетті.