Отан үшін от кешкендер: ҚР ІІМ музейінде ерлік сабақтары өткізілді

Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс мерекесі – халқымыздың жүрегіне терең орныққан, елдің ертеңі үшін жанын қиған боздақтарды еске алып, бүгінгі бейбіт өмірге шүкіршілік ететін қасиетті күндер. Осы атаулы даталарға орай, Ішкі істер министрлігінің идеологиялық және имидждік жұмыс департаменті орталық аппараттың жеке құрамы үшін бірқатар әскери-патриоттық шаралар ұйымдастырды.
Сәуір айының 26-30 күндері аралығында ІІМ музейінде "Солдаттың ерлігі – милиция мақтанышы" тақырыбында ерлік сабақтары өткізілді. Бұл сабақтар Кеңес Одағының Батыры атанған ішкі істер органдарының ардагерлері туралы тың деректерге толы болды. Музей қызметкерлері қанды қырғыннан аман шығып, соғыстан кейін де ел ішінде тәртіп пен тыныштықты сақтап, азаматтардың бейбіт өмірін қорған еткен ер жүрек жауынгерлер жайлы тебірене баяндады.
Олар жас қызметкерлермен және жастармен кездесіп, бастан өткерген ауыр күндерді еске алып, болашақ ұрпаққа бейбіт күннің қадірін ұғындырғысы келді. Сабақ барысында тыңдаушылар назарына майдангерлердің сарғайған хаттары мен құжаттары, сирек кездесетін суреттер ұсынылды. Сонымен қатар қатысушылар Ұлттық ұлан офицерлері әзірлеген "Біз – Жеңістің мұрагеріміз" атты бейне-викторина сұрақтарына жауап беріп, Ұлы Отан соғысының шежіресіне тағы бір үңілді.

Сурет: ҚР ІІМ
Мамырдың 4-і күні ІІМ жеке құрамы елордалық жедел бригада аумағында орналасқан ҚР ІІМ Ұлттық ұланының орталық музейіне барды. Мұндағы экскурсияны полковник зейнеткер И. Графкин өзі жүргізіп, ішкі әскерлердің даңқты жолы мен ерлікке толы дәстүрлері туралы кеңінен әңгімеледі.
Әсіресе 1995 жылы Тәжік – Ауған шекарасында қаза тапқан 17 жауынгерге арналған экспозициялар мен 2007 жылы сотталғандардың қашуына тосқауыл болған Ербол Отарбаевтың ерлігі ешкімді бей-жай қалдырмады. Музейде соғыс жалаулары, ордендер мен медальдар, қару түрлері және қазіргі заманғы әскери киім үлгілері қойылған.
Бұған қоса, әскери қалашықтың күнделікті тыныс-тіршілігі – сарбаздардың саптық дайындықтағы қадамдары, клуб сахнасындағы ән мен би ансамблінің репетициясы – бәрі де ерекше әсер қалдырды. Мұндай тағылымды шаралар жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастырып, Отан алдындағы жауапкершілікті сезіндіруге бағытталған. Ерлік – ұмытылмайды, ал ұрпақ жадында сақталған ерлік ел болашағының темірқазығына айналады.