Қазақстанда кейінгі 6 жылда балабақшалардағы кезек бес есе азайды

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, кезекке қатысты мәселеде айтарлықтай өзгерістер болды.
2019 жылы мектепке дейінгі орынға кезекте 446 176 бала тұрды. 2025 жылғы 1 қаңтарда бұл көрсеткіш 2 жастан 6 жасқа дейінгі 84 мың балаға дейін қысқарды.
Осылайша, алты жыл ішінде кезек күткендер саны шамамен 5 есеге азайды.
"Бұл мектепке дейінгі мекемелер желісін жүйелі түрде кеңейту, орындарды бөлудің жаңа тәсілдерін енгізу және ваучерлік қаржыландыру сияқты процестерді цифрландыру арқылы мүмкін болды", - делінген хабарламада.
Бұрын балабақшаға жазылу рәсімі: шамадан тыс жүктелген электрондық кезек, аумақтық теңгерімсіздік, орындарды бөлудің күмәнді схемалары, жалған қабылдау сынды көптеген қиындықтармен қатар жүретін. Бұл мәселелер әсіресе ірі қалаларда және тез дамып келе жатқан агломерацияларда өткір күйде болды. Бүгінгі таңда бұл қиындықтар цифрлық сервистердің, балаларды есепке алуды автоматтандырудың және мемлекеттік қызметтер көрсетудің ашық рәсімдерін енгізудің арқасында біртіндеп еңсеріліп жатыр.