Талдықорған қаласындағы көшеге Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағанбетовтің есімі берілді

Облыс әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, салтанатты жиынға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, Батырдың немересі Айжан Нұрмағамбетова, әскери қызметшілер, ардагерлер, қала жұртшылығы қатысты.
Көше атауын беру туралы бастаманы алғашқы болып Талдықорған қалалық Қарулы Күштер Ардагерлер кеңесінің өкілдері көтерген болатын. Бұл бастама тиісті ономастикалық комиссия тарапынан қолдау тапты. Атап өтсек, облыс орталығының "Шығыс" шағын ауданында орналасқан, бұрын атауы болмаған бұл көшенің ұзындығы 1,7 шақырым. Және бұл – Талдықорғанда Халық қаһарманы атағына ие адамға беріліп отырған алғашқы көше.

Сурет: Жеңіс Ысқабай
Мерекелік жиында алдымен көше атауы белгісі салтанатты түрде ашылды. Талдықорған әскери гарнизонының үрмелі аспаптар оркестрі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындап, атқыштар тобы салтанатты түрде аспанға оқ атты.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың айтуынша, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағанбетовтің атына көше беру – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңындағы маңызды шараның бірі.
Өз кезегінде Батырдың немересі Айжан Нұрмағамбетова жиналғандарды мерекемен құттықтап, осы игі істің басы-қасынан табылған азаматтарға ризашылығын білдірді:
"Біздің атамыз бүкіл саналы ғұмырын әскери салаға арнады. Бұл – жас ұрпақ жалғастыруға тұратын және жалғастыруы тиіс өнегелі жол. Ол үшін "парыз", "міндет" деген сөздердің маңызы ерекше еді. Сондықтан да болар, оның жалғыз ұлы алғашқылардың бірі болып Чернобыль апатының зардабын жоюға аттанды. Қазір еліміздің барлық дерлік қаласында Сағадат Нұрмағанбетовтің есімімен аталатын көшелер бар деуге болады. Қайраткер тұлғаға құрмет көрсетіп, есімін ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында бүгінгідей іс-шараны ұйымдастырғандарыңыз үшін Қорғаныс министрлігіне, облыс әкімдігіне, барша азаматтарға ризашылығымды білдіремін", – деді ол.

Сурет: Жеңіс Ысқабай
Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетов 1924 жылы қазіргі Ақмола облысы Ақкөл ауданы Қосым ауылында туған. 1942 жылы кеңес әскері қатарына қабылданып, Түрікменстанда пулеметшiлер дайындайтын училищенi үздiк аяқтаған соң взвод командирi ретiнде майдан шебiне аттанады. Кубань, Дон, Молдавия жерлерiнде, Одер, Шпрее өзендерiнiң бойында жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысты. 1945 жылы 21 жасында Сағадат Нұрмағанбетовке Кеңес Одағының Батыр атағы және "Алтын жұлдыз" берілді. Қазақстан Президентiнiң Жарлығымен 1991 жылы Мемлекеттiк қорғаныс комитетiнiң төрағасы, 1992 жылы Қорғаныс министрi қызметіне тағайындалды. 1994 жылы "Халық Қаһарманы" атағы беріліп, №1 "Алтын Жұлдыз" табысталды. 1995 жылы Армия генералы атағымен отставкаға шығып, Қазақстан Президентiнiң кеңесшiсi болды.