Қазақстан алтын өндіруді ұлғайтуда: 3400 адамды жұмыспен қамтитын 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Министрлік мәліметіне сүйенсек, "QazIndustry" АҚ Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясы ақпараты бойынша аталмыш жобалар аясында 3400 жаңа жұмыс орны құрылатын болады.
Сондай-ақ, 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асатын жобалар аясында 20,6 миллион тонна кен өңделіп, 21 тонна Доре қорытпасы өндіріледі.
"Жалпы, соңғы он жылда елде кен байыту комбинаттарын салу, жаңғырту және кеңейту бағытында 19 жоба іске асырылды. Олардың жылдық кен өңдеу қуаты – 27,2 млн тонна, бұл шамамен 29,1 тонна Доре қорытпасын өндіруге мүмкіндік берсе, бұл жобалардың жалпы құны 420,3 миллиард теңгені құрайды. Салынған инвестиция көлемі шамамен 460 млрд теңге болып, 4400 жаңа жұмыс орны ашылды",- делінген ақпаратта.
Іске асқан жобалардағы инвестициялардың басым бөлігі алтын өндіру фабрикаларын салуға бағытталған. Соның ішінде Ақмола облысындағы "Райгородок" кен орнында жылына 5 млн тонна кен өңдейтін кешен ("RG Gold" және "RG Processing" ЖШС), сондай-ақ Абай облысындағы "Бақыршық" кен орнында жылына 2 млн тонна кен өңдейтін өндіріс ("Бақыршық тау-кен кәсіпорны" ЖШС) бар.
Жобалардың басым көпшілігі Ақмола және Қарағанды облыстарында шоғырланған. Ал инвестиция көлемі бойынша Павлодар (27,7%) және Ақмола (18,8%) облыстары алда келеді.
"Қазақстандағы алтын өндіру саласындағы инвестициялық жобалар тұрақты дамып келеді және стратегиялық маңызға ие. Жоғары технологиялы өндірістердің өсуі, халықаралық әріптестік және мемлекеттік қолдау саланың әрі қарай дамуына және оны жаһандық нарыққа шығаруға берік негіз қалайды". ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
Бұған дейін Қарағанды облысында полицейлер жанып жатқан көлікті сөндіріп, жарылыстың алдын алғандығы хабарланған болатын.