Астанада су тапшылығын болдырмау үшін үш жоба жүзеге асырылуда

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов 2025 жылғы 12 мамырда Мәжілісте Астанада болашақта су тапшылығын болдырмау мақсатында үш ірі жобаның жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мәжіліс депутаты Павел Казанцев Астана су қоймасы – елорданы сумен жабдықтаудың жалғыз көзі екенін, ол 1969 жылы 500 мың адамға есептеліп салынғанын еске салды.
"Елордалықтардың өткен жылы су тапшылығы мен су тазарту нысандарының жеткіліксіздігін сезінгені әлі есінде шығар. Ал, енді қазіргі құрылыс қарқынын ескерсек, мәселе тек ушыға түседі. Астананы сумен қамтамасыз етудің резервтік көзі мүлде жоқ. Бұл мәселені қалай шешу жоспарлануда?"- деді депутат.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов екі жыл бұрын жазғы кезеңде елорданың жекелеген аудандарында су тапшылығы байқалғанын, бірақ шаралар қабылданғанын атап өтті.
"2023 жылдың соңында №3 сүзгі сорғы станциясы пайдалануға берілді. Тәуліктік су тұтыну кезінде бүгінгі күні 350 мың текше метр үш сүзгі станциясының қуаты 410 мыңды құрайды. Яғни, бүгінгі таңда дамуды ескере отырып, тапшылық жоқ", – деп жауап берді Қажкенов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта тағы бірнеше жоба пысықталуда.
"Бірінші жоба – №4 сүзгілеу-сорғы станциясы мен Сәтпаев атындағы су құбырының құрылысы. Ол тәулігіне 200 мың текше метр ауыз су өндіруге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде. Екінші жоба – Нұра жерасты су көзінен су құбырының құрылысы. Ұзындығы 67 км болатын бұл су құбыры тәулігіне қосымша 38 мың текше метр су жеткізуді қамтамасыз етеді. Жобалық-сметалық құжаттама дайын", – деп толықтырды Қуандық Қажкенов.
Ол жобаның болжамды құны шамамен 56 млрд теңгені құрайтынын айтты.
"Ал, қазіргі уақытта пысықталып жатқан үшінші жоба – "Тельман" сорғы станциясынан техникалық су құбырының құрылысы. Жобаның құны шамамен 17,6 млрд теңге. 2025 жылы жергілікті бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінеді", – деді Қажкенов.
Бұған дейін елімізде суармалы суға жаңа тарифтер әзірленуде екенін жазған болатынбыз.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript