Жамбылда шегіртке шектен тыс көбеюі мүмкін

Биыл облыстың он ауданындағы жайылымдардан жыбырлаған жәндіктің көбейіп келе жатқанын көруге болады. Әсіресе, үш ауданның ортақ жайылымы Көделі жазығында шегіртке өрттей қаулап келеді. Қанаттылар 3 жыл бұрын жайылымға жақын жатқан Кеңес ауылының шалғынын отап, шабындығын тып-типыл еткен.
Былтыр Байзақ ауданындағы 18 мың гектар жайылымға дәрі себілген. Бірақ соған қарамастан биыл қанаттылар қаптаған аумақ 20 мың гектардан асып отыр, деп жазады qazaqstan.tv.
Аймақта 8 жыл бұрын шегірткелер шектен тыс көбейген еді. Мамандар бұл 10 жылда бір қайталанатын табиғи құбылыс дейді. Бүгінде зиянкестер тараған 108 мың гектар жердің 30%-дан астамы залалсыздандырылған. Өңірде шегірткенің марокколық, азиялық және италиялық прус түрі көп кездеседі.
Жауаптылар шегірткеге қарсы 8 тоннадан аса химиялық препарат сеппек. Ал улы дәрінің төрт-түлік пен өсімдіктерге зияны жоқ дейді. Жалпы бір шегірткенің ұрық қалташасынан 40 данаға дейін дернәсіл шығады. Сондықтан мамандар қанаттанбай жатып дәрілеуді 2 аптада аяқтауға асығып отыр.