Ретинобластома: ҚазКӨЗҒЗИ дәрігерлері көру қабілетін тексерудің маңызын еске салды

Zakon.kz тілшісі Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының офтальмологтарымен тілдесіп, бұл аурумен қалай күресуге болатынын білді.
Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының (ҚазКӨЗҒЗИ) офтальмологтары – Алуа Әубәкірова мен Еркежан Нұрлыбекова адамның ағзасында жасушалардың өсуін бақылайтын арнайы гендер болатынын түсіндірді. Солардың бірі – RB1. Егер осы генде ақау (мутация) болса, көздің тор қабатындағы жасушалар бақылаусыз көбейіп, ісік пайда болады.
"Мұндай мутация тұқым қуалауы мүмкін: бала зақымданған генді ата-анасының бірінен алуы ықтимал, тіпті ересектердің өзінде ауру белгілері болмаса да", – дейді мамандар.
Тұқым қуалайтын ретинобластома көбіне екі көзде де дамиды және өмірдің ең алғашқы айларында-ақ білінеді.
Қандай белгілерге назар аудару керек?
Ретинобластоманың алғашқы белгілері мыналар болуы мүмкін:
- Фотосуретте көздің қарашығы ақ түспен жарқырауы;
- Қылилықтың пайда болуы;
- Көздің қызарып, қабынуы;
- Бала көру қабілетінің төмендеуіне немесе көздегі ауырсынуға шағымдануы.
Осындай белгілер байқалса, дереу офтальмолог дәрігерге қаралу керек.
Алуа Сауытбекқызының сөзінше, егер отбасында ретинобластома деректері бұрын болған болса, баланың туған сәтінен бастап генетикалық тексеруден өтіп, жүйелі тексерулерді уақытылы бастау маңызды екенін атап өтті. Дәрігердің айтуынша, көз сырттай сау көрінсе де, қауіпті өзгерістерді дер кезінде байқамау мүмкін.
"Ретинобластома ерте кезеңінде сәтті емделеді – балалардың 95%-дан астамы толық жазылып шығады. Ең бастысы – дәрігерге жүгінуді кешіктірмеу", – дейді офтальмолог Еркежан Нұрлыбекқызы.
Диагностика мен емдеуді Алматыдағы институттың орталық клиникасында, сондай-ақ Астана мен Шымкент қалаларындағы филиалдарында өтуге болады.
ҚазКӨЗҒЗИ – еліміздегі 90 жылдан астам тарихы бар жетекші офтальмологиялық институт. Мұнда заманауи жабдықтар мен озық емдеу әдістерін қолданатын жоғары білікті балалар офтальмологтары қызмет етеді.
Емдеу жолдары
Ретинобластома емдеу тәсілі аурудың деңгейіне байланысты таңдалады. Негізгі әдістер:
- Лазерлік емдеу,
- Криотерапия,
- Химиотерапия,
- Қиын жағдайда – көзді алып тастау.
Дәрігерлер қазақстандықтарды балалардың көз саулығына мұқият болуға шақырып, алғашқы алаңдатарлық белгілер байқалғанда ҚазКӨЗҒЗИ-ға жүгінуге кеңес береді. Мамандардың айтуынша, дер кезінде қойылған диагноз тек көру қабілетін ғана емес, баланың өмірін де сақтап қалуы мүмкін.