Алматылықтарға 100 миллион теңгеден астам берешегі бар қазақстандық Сауд Арабиясынан қайтарылды

ҚР Бас прокуратурасы 19 мамырда берген ақпаратына сай, күдікті 2018-2023 жылдар аралығында алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы Алматы қаласында жәбірленушілердің 19 миллион теңге сомасындағы ақшалай қаражаты мен мүлкін иемденген.
Сонымен қатар ол ұзақ уақыт бойы алматылық коммерциялық компанияның 82 млн теңге сомасына алдын ала төленген тауарды жеткізу бойынша міндеттемелерін орындаудан жалтарған.
Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктінің жасырынуына байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды.
"Осы жылы ол Сауд Арабиясы аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды." ҚР Бас прокуратурасы
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.
Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкін тәркілеумен бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кету керек, күдіктінің экстрадициясы Қазақстан Бас прокуратурасы жасасқан Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы экстрадициялау туралы келісімнің арқасында мүмкін болды.