Ауыл балаларына спортпен айналысу бұрынғыдан да қолжетімді болды

Ауыл жастарына спортпен айналысу бұрынғыдан да қолжетімді болды, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.05.2025 20:15 Сурет: Halyk қайырымдылық қоры
Қазақстанда ауылдық жерлердегі балалар мен жасөспірімдердің спортқа қолжетімділігін арттыру, бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында тағы бір маңызды қадам жасалды, деп хабарлайды Zakon.kz.

2024 жылы басталған Auyl Sport жобасының аясында Halyk қайырымдылық қоры мен еліміздің баскетбол және волейбол федерациялары арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Ынтымақтастық аясында тараптар келесі бағыттарда жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр:

  • ауыл жастары үшін қолжетімді спорттық секциялар ашу;
  • жаттықтырушыларды қайта даярлау және кәсіби біліктілігін арттыру;
  • төрешілер корпусын жасақтау;
  • өңірлік, республикалық және халықаралық жарыстар өткізу; спорт құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету.

Қазақстанның баскетбол және волейбол федерациялары – еліміздегі жетекші спорт ұйымдары. Олардың Auyl Sport жобасына қосылуы ауыл спортын жаңа деңгейге көтереді. Бұл ынтымақтастық тәжірибелі жаттықтырушылар мен әдістемелік қолдауға жол ашып, ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндіктер ұсынады.

Бұл меморандум – ауыл жастарына жаңа мүмкіндіктер ұсынатын, бұқаралық спортты дамытатын және қайырымдылық мәдениетін ілгерілететін маңызды стратегиялық қадам. Тараптар алдағы уақытта ынтымақтастықты одан әрі тереңдетіп, еліміздің барлық өңірлерінде ауыл спортының қолжетімділігін арттыру үшін жүйелі жұмыстар жүргізуге ниетті екендерін жеткізді.

Құжатқа Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов, ҚР Ұлттық баскетбол федерациясының бас хатшысы Жұлдыз Байдусенова, сондай-ақ Қазақстан волейбол федерациясының вице-президенті Ермек Сырлыбаев қол қойды.

Сурет: Halyk қайырымдылық қоры

2024 жылы іске қосылған жоба ауылдық өңірлерде үлкен қолдауға ие болды. Қысқа уақыт ішінде Auyl Sport аясында барлық өңірде он мыңнан аса бала түрлі спорт түрімен жүйелі түрде айналыса бастады.

Жобаның нәтижелілігін дәлелдейтін басты оқиғалардың бірі – Сербияда өткен халықаралық Гимназиада. Бұл додада ел намысын қорғаған 22 спортшының 12-сі – дәл осы жоба аясында дайындалған жастар. 

Еске салайық,  Auyl Sport жобасы 2024 жылы облыстық деңгейдегі турнирлерден бастау алды. Оған 200 ауылдан 12 мыңнан астам бала мен жасөспірім қатысып, спортқа деген қызығушылықтарын танытты. Баскетбол мен волейбол – жоба аясында қамтылған алты спорт түрінің ішінде. Жобаның республикалық турнирінің финалы еліміздің 17 облысынан 1300-ден астам жас спортшыны бір алаңда тоғыстырып, ауыл спортын жаңа деңгейге көтерді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: