Астанада трансплантология саласына арналған бірегей жабдық шығаратын зауыт пайда болады

Астанада трансплантология саласына арналған бірегей жабдық шығаратын зауыт пайда болады, сурет - Zakon.kz жаңалық 21.05.2025 18:05 Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
2025 жылғы 21 мамырда Heart Center Foundation қоғамдық қоры АLEM (Astana Life Ex-situ Machine) атты ерекше медициналық жабдықты шығаратын зауыттың құрылысын бастады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Heart Center Foundation қоғамдық қорының директоры Мұрат Зауров жаңа зауыттың негізгі жобасы ALEM құрылғысы екенін айтты. Бұл инновациялық құрылғы донорлық органдарды ұзақ уақыт сақтау және тасымалдау үшін арналған. Қазақстандық инженерлер мен дәрігерлердің бұл бірегей әзірлемесі қазіргі трансплантологияның басты проблемаларының бірі – донорлық органдардың өміршеңдігін сақтаудың шектеулі уақытын шешуге бағытталған.

Сурет: ОФ "Heart Center Foundation"

Алдын ала есептеулер бойынша, өндірістік қуат жылына 15-тен 20 бірлікке дейін жабдық шығару мүмкіндігіне ие.

"Біз осы құрылғы мен оның кейбір компоненттеріне халықаралық патент алдық. Алдағы уақытта ТМД елдері мен Орталық Азия нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. ALEM атауы кездейсоқ таңдалған жоқ – бұл жоба халықаралық деңгейде іске асырылатын болады", – деп түсіндірді Мұрат Зауров.

Жоба аясында медициналық өнімдерге қатысты қосымша өндіріс те іске қосылады: биоматериалдар үшін пластик контейнерлер, вакутейнерлер, дренажды банкалар.

Мұрат Зауровтың айтуынша, зауыт жылына 10 миллионға дейін шығын материалдарын шығара алады. Өндірістік қуаттылық пен энергетикалық инфрақұрылым болашақтағы модернизация мен кеңейтуге есептеліп салынған.

Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева

Сондай-ақ, экономикалық тиімділікке ерекше назар аударылған. Спикердің айтуынша, жергілікті өндірістің негізгі артықшылықтарының бірі – импорттық баж салығы, логистика және ҚҚС-ның болмауы есебінен жабдықтар мен шығын материалдарының құнын төмендету.

"Шетелде ALEM құрылғысының аналогы шамамен 300 мың доллар тұрады. Біз қазақстандық үлгіні 5-6 есе арзан болады деп есептеп отырмыз. Қазір 25 миллион теңгеге сатып алынатын шығын материалдары біздің өндірісте шамамен 3,6 миллион теңге болады", – деді Мұрат Зауров.

Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева

Heart Center Foundation қоғамдық қорының құрылтайшысы Юрий Пя орган трансплантациясы үшін жабдық шығаратын зауыттың құрылысы тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар бүкіл аймақтың медицина саласындағы үлкен жетістігі деп атады. Бұл ALEM құрылғысы – донорлық органдарды 24 сағаттан артық жұмыс күйінде ұстауға мүмкіндік беретін аппарат, ал қолданыстағы аналогтар тек 4 сағатқа дейін сақтай алады.

"Бұл жай ғана салқындату контейнері емес – құрылғы ағзаның денеден тыс жерде өмір сүруін қамтамасыз ететін табиғи жағдайларға жақын ортаны қалыптастырады. Осылайша, тек тасымалдау үшін ғана емес, сонымен қатар дайындыққа, сараптамаға, заңды процедураларға қосымша уақыт береді. Мұнымен қоса, болашақта органды трансплантациядан бұрын оның генетикалық құрылымына араласуға мүмкіндік туады", – деп түсіндірді Юрий Пя.

Оның айтуынша, мұндай жабдықтың Қазақстанда шығарылуы бірден бірнеше маңызды мәселенің шешімін табуға жол ашады. Ең алдымен, елдің шалғай өңірлерінен – мысалы, Шығыс Қазақстан немесе оңтүстік облыстардан – донорлық ағзаларды пайдалану мүмкіндігі пайда болады. Бұған дейін мұндай жерлерден ағзаларды өмірлік маңызы бар төрт сағаттық уақыт ішінде жеткізу мүмкін емес болатын.

Бұдан бөлек, бұл жоба Орталық Азиядағы клиникаларды біртұтас трансплантология жүйесіне біріктіруге негіз қалайды, сондай-ақ медициналық мекемелерді шетелдік жеткізілімдерге тәуелді болмай, заманауи жабдықтармен және шығын материалдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева

ALEM аппараты мен оған қажетті барлық шығыс материалдары Астанадағы бір зауытта өндіріледі. Бұл ұзақ күту мерзімін және логистикалық шығындарды болдырмайды.

"Бұрын біз АҚШ-тан керек-жараққа тапсырыс бергенде, оларды жеткізуге екі айдан астам уақыт кететін. Қазір ол бірнеше сағаттың ішінде қолымызға тиеді – бұл өте үлкен айырмашылық", – деді Юрий Пя.

Юрий Пяның басшылығымен, елде 2012 жылдан бастап жалпы 100 жүрек трансплантациясы операциясы жасалды. Алайда бұл көлем елдің барлық тұрғындарының қажеттілігін қанағаттандыру үшін жеткіліксіз. Жаңа зауыттың құрылысы бұл жүйелі мәселені шешуге маңызды қадам болады және жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділікті арттырады. Юрий Пя атап өткендей, жобаны жүзеге асыру жолы оңай болған жоқ – идеядан бастап оны жүзеге асыруға дейін он жыл өтті.

Айта кетейік, "Қазақмыс" корпорациясы қордың стратегиялық серіктесі болды, олар зауыт құрылысының 100%-ын қаржыландыруды қамтамасыз етті. Жобаның құны 4 миллиард теңге.

"Бұл тек медициналық сектор үшін ғана емес, бүкіл ел үшін мәнді жоба. Шынында өте маңызды, және "Қазақмыс" корпорациясы әлеуметтік тұрғыда бағытталған компания ретінде оған қатысқанын мақтан тұтамыз. Бұл жай ғана тағы бір бастама емес – бұл жүздеген, мүмкін, мыңдаған адамдардың өміріне нақты үлес. Біз осындай маңызды әрі қажетті істің бір бөлігі болғанымызға шын жүректен қуаныштымыз", – деді "Қазақмыс" корпорациясының ресми өкілі Арман Тлеукенов.

Зауыт құрылысын аяқтау және іске қосу 2026 жылдың маусым айына жоспарланған.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: