Алматының жаңа әкімі қала тұрғындарына үндеу жолдады

Қала әкімі Дархан Сатыбалды Instagram парақшасында алғашқы жұмыс күнінде Мемлекет басшысы қабылдағанын жазды. Президент қала дамуына қатысты нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу, экономиканы әртараптандыру, қаланың инфрақұрылымын кешенді жаңғырту, жол-көлік жүйесін жақсарту және экологиялық мәселелерді шешу.
"Алматылықтардың әл-ауқаты мен жайлы өмірі үшін адал әрі жанашырлықпен еңбек етіп, қаламыздың гүлденуіне бар күшімді салу — мен үшін үлкен мәртебе. Құрметті алматылықтар, тізе қосып еңбек етсек, Алматыны одан әрі көркейте аламыз деп сенемін", — деп жазды Дархан Сатыбалды.
Оның айтуынша, әкімдіктің басты міндеті — әрбір алматылықтың мүддесіне сай қаланың түйткілді мәселелерін шешу. Бұған дейін жарияланған бастамаларды жүзеге асыру үшін барлық күш-жігер жұмсалмақ.
2025 жылдың 24 мамырында Қасым-Жомарт Тоқаев Ерболат Досаевты 2022 жылдың 31 қаңтарынан бері атқарып жүрген Алматы қаласының әкімі қызметінен босатқан болатын. Мемлекет басшысының тағы бір жарлығымен Дархан Сатыбалды оңтүстік астананың жаңа әкімі болды.
26 мамырда Дархан Сатыбалды мемлекет басшысының қабылдауында болды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа алдағы жұмыстың басым бағыттары, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық даму, қала экологиясын жақсарту және Алматы тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту жоспарлары туралы баяндалды. Мемлекет басшысы жаңа әкімге мегаполисті дамытуға қатысты бірқатар негізгі міндеттер қойды.