Мемлекет басшысы: Қазақстан экономикасы 2024 жылы жаһандық сын-қатерлерге қарамастан 5,1 пайызға өсті

Мемлекет басшысы 2025 жылғы 29 маусымдағы Астана халықаралық форумының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде соңғы бірнеше жылда Қазақстанда ауқымды экономикалық және институционалдық реформалар жүргізілгендігін атап өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президенттің айтуынша, біздің мақсатымыз айқын – барынша әртараптандырылған, инклюзивті және келешекке бағдарланған экономика құру. Экономикалық өсім орнықты болумен қатар, оның игілігі әр азаматқа әділ бөлінуге тиіс.
"Елімізді түбегейлі жаңғыртып, Әділетті Қазақстанның негізін қалау үшін мемлекеттілікті нығайтуға көп күш-жігер жұмсап жатырмыз. Жалпыұлттық референдум арқылы Конституциямызға өзгеріс енгізіліп, басты билік институттарына реформа жасалды. Біз суперпрезиденттік жүйеден бас тарттық. "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" қағидасын басшылыққа алатын, тежеу мен тепе-теңдік жүйесі бар президенттік республика жолын таңдадық. Бұл тұжырым Қазақстандағы саяси жүйенің ерекшеліктеріне мейлінше лайықты модель екеніне кәміл сенемін",- деді ол.
Сондай-ақ, Тоқаев президент өкілеттілігі бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектелтіндігін айтты.
"Мұндай шешім бұрын-соңды қабылданбаған. Менің ойымша, бұл қадам еліміздің саяси жүйесін нығайтуға, экономикасын дамытуға және өркениетті қоғам құруға негіз болады. Президент – халықтың белгілі бір мерзімге, біздің жағдайымызда жеті жылға жалдаған менеджері".Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысының айтуынша, парламент азаматтық қоғам және жаңа саяси партиялардың мүшелерімен толықты. Сондай-ақ әйелдерге, жастарға және әлеуметтік тұрғыдан осал топтың өкілдеріне қосымша квота берілді.
"Адам құқықтарын қорғаудың нақты тетіктері болмаса, ілгері жылжу мүмкін емес. Бұл жүйе "Заң мен тәртіп" қағидатында көрініс тапқан. Біз аталған реформаларды геосаяси ахуал тұрақсыз кезеңде қолға алғанымызды білеміз. Бірақ "Жол мұраты – жету". Осы стратегиялық бағдарымыздан айнымаймыз, реформаларды тоқтатпаймыз".
Мұнымен қоса, президент жаһандағы сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан экономикасы былтыр 5,1 пайызға өскендігін мәлімдеді.
"Шетелден тартылған тікелей инвестицияның көлемі рекордтық көрсеткішке жетті. Транскаспий халықаралық көлік бағытымен тасымалданған жүк 62 пайызға артты. Дейтұрғанмен біздің стратегиялық мұратымыз цифрмен ғана өлшенбейді. Бұл реформалар жұртшылықтың өркендеуіне жол ашатын жаңа қоғамдық келісімді орнатуды көздейді".Мемлекет басшысы
Бұған дейін мемлекет басшысының Германия Бундесратының Президентімен кездескендігі хабарланған болатын.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript