Ұлттық банк инфляцияны 5 пайыз деңгейіне қайтару үшін батыл әрекет етуге дайын

Ол үкіметпен бірқатар бағыттар бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Біріншіден, фискалдық саясатты неғұрлым тұрақты контрциклдік бағытқа көшіру маңызды. Біз салық реформасының қорытындысы бойынша алдағы жылдары бюджеттің мұнай кірістеріне, атап айтқанда, Ұлттық қордан түсетін трансферттерге тәуелділігі төмендейтінін негізге аламыз.Бұл жиынтық сұраныстың инфляциялық қысымын төмендетуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, 2026-2027 жылдары үкімет жыл сайын 2 триллион теңге көлемінде трансферттер бөлуді жоспарлап отыр. Бұл ағымдағы жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Тиісінше, бұл шаралар жүзеге асырылған кезде ақша-несие саясатының әсерін күшейте отырып, инфляцияны төмендетуге жұмыс істейтін болады", – деді ол.
Оның айтуынша, инфляцияны бақылау бойынша шаралар кешенін жаңарту және күшейту де маңызды. Бұл бағытта тариф реформасының қарқыны ерекше өзекті.
"Бірқатар салаларда, соның ішінде сумен жабдықтау, канализация және электр энергиясы бойынша ұзақ мерзімді баға динамикасы жалпы инфляциядан да, қызмет көрсету инфляциясынан да асып түседі. Нәтижесінде бұл баға қысымын тудырады.Біз үкіметпен тарифтік саясаттың параметрлеріне ықтимал түзетулер бойынша, оның ішінде тарифтердің өсу қарқынының инфляцияның мақсатты көрсеткіштеріне сәйкес келуін және халықтың сатып алу қабілетінің сақталуын қамтамасыз етуге баса назар аудара отырып, белсенді консультациялар жүргізіп жатырмыз", – деді Ұлттық банк басшысы.
Тұтастай алғанда, оның айтуынша, Ұлттық банк өз мақсатына берік және инфляцияның 5 пайыздық деңгейіне тұрақты қайтарылуын қамтамасыз ету үшін батыл әрекет етуге дайын. Қажет болса, саясатты қатайту шараларын қабылдайды.
"Бізде қызмет көрсету инфляциясы бар. Өздеріңіз білетіндей, тұтыну бағаларының индексі азық-түлік, азық-түлік емес тауарлар мен қызметтерге бөлінеді. Қазір инфляцияның жалпы индексінің өсуіне негізгі үлесті реттелетін қызметтер де қосады, мысалы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, реттелмейтін қызметтер. Бұл қарапайым шаштараз, қонақүй қызметтері және т.б.. Жалпы өсім 16% құрайды. Яғни, орташа көрсеткіш 11,3% болса, олар қатты көтеріледі. Біз қызметтерді мұқият қадағалап жатырмыз және реттелетін қызметтерге осы тарифтік реформаның кезеңдерін қарастыру керек шығар. Біз бұл тақырыпты үкіметпен бірге пысықтап жатырмыз, реформаны тоқтатпауымыз керек, реформаның мақсатына жетуіміз керек, бірақ біз оның кезеңдерін, оның жылдамдығын міндетті түрде қарастыруымыз керек. Біз бұл мәселені келесі аптада үкіметпен талқылауды жоспарлап отырмыз", – деп қосты кейін Тимур Сүлейменов.
5 маусымда Қазақстандағы инфляция екі таңбалы деңгейде сақталып отырғаны хабарланды: 2025 жылдың мамырында жыл сайынғы өсім 11,3%-ды құрады, бұл сәуірдегі 10,7%-дан жоғары. Ай сайынғы баға өсімі 0,9%-ды құрады. Сонымен бірге, ақылы қызметтер әсіресе қымбаттауда – 12 ай ішінде 16%-ға өсті, бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш.