Қазақстандық IT-жоба WSIS Prizes 2025 байқауында жеңіске жетті
Сурет: ҚР Президенті Іс басқармасы
Жоба "Даму үшін АКТ-ны ілгерілетуде үкіметтер мен барлық мүдделі тараптардың рөлі" (The role of governments and all stakeholders in the promotion of ICTs for development) санатында үздік деп танылды.
Жеңімпаздар бүгін Женевада WSIS+20 High-Level Event аясында жарияланды, бұл шара Біріккен Ұлттар Ұйымының басты бастамасы болып табылатын Ақпараттық қоғам мәселелері жөніндегі дүниежүзілік жоғары деңгейдегі кездесуінің (ВВУИО) 20 жылдығына арналды.

Сурет: ҚР Президенті Іс басқармасы
Салтанатты рәсімде Қазақстанға ерекше назар аударылды: Қазақстандық команда марапаттау сессиясын ашты.
Марапатты Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭО) Бас хатшысы Дорин Богдан-Мартин мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өзі табыстады.
Бұл Қазақстанның WSIS Prizes байқауындағы 2013 жылдан бергі алғашқы жеңісі. 2025 жылы байқауға әлемнің түрлі елдерінен шамамен 1000 жоба қатысты.

Сурет: ҚР Президенті Іс басқармасы
"Бұл жеңіс – еліміздің цифрлық дамуының халықаралық деңгейде мойындалуы. Қазақстан жоғары технологиялық әлеуетке ие екенін көрсетіп, әлемдік трендтерді қуып қана қоймай, маңызды цифрлық шешімдерді ұсынып, оларды жаһандық деңгейде дамытуға үлес қоса алатынын дәлелдеді", – деп атап өтті ҚР Президенті Іс басқармасы Инженерлік-техникалық орталығының басшысы Дәурен Нұралиев.
"Ахуалдық-талдамалық кешені"(АТК) – мемлекеттік сектордағы деректерді талдау, мониторинг жасау және жедел басқару үшін әзірленген инновациялық цифрлық платформа.

Сурет: ҚР Президенті Іс басқармасы
Жүйе елдің барлық өңірлері бойынша 500-ден астам әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қамтиды және стратегиялық шешімдерді нақты уақыт режимінде қабылдауға мүмкіндік береді. АТК Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен ҚР Президенті Іс басқармасында қолданылады.