Атырауда баланың өліміне себеп болған ескерткіш ісі бойынша үкім шықты

Атырауда баланың өліміне себеп болған ескерткіш ісі бойынша үкім шықты, сурет - Zakon.kz жаңалық 17.07.2025 21:56 Сурет: Zakon.kz
Атыраудың №2 соты Жеңіс саябағындағы қайғылы оқиғаға қатысты аты шулы қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

2023 жылы екі баласы бар отбасының үстіне Ұлы Отан соғысы батырының бюсті құлап кеткен. Жеті жасар қыз оқиға орнында қаза тапты, ал оның ағасы мен әкесі орташа дәрежелі жарақаттар алды.

Айта кетейік, бұл 14 мүсін 2020 жылы әкімдік тапсырысы бойынша орнатылған. Тергеу нәтижесінде мүсіндерді орнатқан мердігер құрылыс нормаларын өрескел бұзғаны белгілі болды. Осы олқылық қайғылы жағдайға алып келген. Алайда айыпталушы өз кінәсін мойындамады.

Қаза тапқан қыздың отбасы әділ жаза талап етті. Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, айыптауды ҚР Қылмыстық кодексінің 279-бабы 1-бөлігі — "Құрылыс нормаларын бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соғу" бабы бойынша қайта саралады. Үкім шығару кезінде сот ер адамның кәмелетке толмаған баласының барын, бұрын сотталмағанын және жағдайдың кездейсоқ сипатын жеңілдететін мән-жайлар ретінде есептеді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот шешімімен сотталушыға 3 жылға бас бостандығынан айыру және дәл осы мерзімге сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметімен айналысуға тыйым салу жазасы тағайындалды. Алайда рақымшылыққа байланысты жаза 1 жыл 6 айға қысқартылды.

Сондай-ақ сот айыпталушыны жәбірленушілерге моральдық өтемақы ретінде әрқайсысына 10 миллион теңгеден төлеуге, әрі емделу шығындарын өтеуге міндеттеді.

Қыздың әкесі Айдос Сабыров сот шешіміне толық көңілі толмайтынын айтып, адвокатымен кеңесуді жоспарлап отырғанын жеткізді:


"Прокурорлар әкімдік пен ТКШ-ға қатысты қандай шара қолданатынын күтемін. Сот шешіміне жартылай ғана ризамын. Біз бұл істі ҚК 306-бабы бойынша барлық жауапты тараптарға қатысты қарауды қаладық. Адвокатпен ақылдасамын", - деді Сабыров.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: