Сорбулақтағы жоғалған тікұшақ: экипаждың үшінші мүшесінің мәйіті табылды

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі бүгін, 2025 жылғы 12 тамызда ресми мәлімдеме жасады. Онда су астындағы жұмыстар барысында экипаждың үшінші мүшесінің мәйіті табылғаны айтылды, деп хабарлайды Zakon.kz., сурет - Zakon.kz жаңалық 12.08.2025 12:36 Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі бүгін, 2025 жылғы 12 тамызда ресми мәлімдеме жасады. Онда су астындағы жұмыстар барысында экипаждың үшінші мүшесінің мәйіті табылғаны айтылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

2025 жылғы 25 шілдеде Алматы облысында EC-145 әскери тікұшағы радардан жоғалып кеткен болатын. Келесі күні, 26 шілдеде әуе кемесінің қалдықтары Сорбулақ көлінің акваториясынан табылды.

Қорғаныс министрлігі түсіндіргендей, іздестіру жұмыстарын су астындағы нашар көріну мен лайлы тұнбалар қиындатқан, бұл сүңгуірлер мен инженерлік бөлімшелердің жұмысын баяулатты.

2025 жылғы 10 тамызда су астындағы іздеу барысында экипаж командирі – майор Нұржігіт Қайратұлы Үйсінбаевтың мәйіті табылып, сәйкестендірілді.

Ол армиялық авиациядағы эскадрилья командирінің орынбасары, 1-сыныпты ұшқыш болған. EC-145 тікұшағын басқару тәжірибесі мол – жалпы ұшу уақыты 930 сағатты құрады. Жоғары кәсіби дайындық деңгейімен, жауапкершілігімен, бастамашылдығымен және әскери борышына адалдығымен көзге түскен. Әріптестері мен басшылықтың зор құрметіне ие болған.

2025 жылғы 11 тамызда іздеу топтары авиациялық эскадрильяның борттық технигі – капитан Бахтияр Сәниоллаұлы Ержігітовтың мәйітін тапты. Ол – 1-сыныпты маман болатын.

Ол EC-145 тікұшағын басқару тәжірибесіне ие болған, жалпы ұшу уақыты – 300 сағат. Авиациялық бөлімдерде көп жылдық қызмет тәжірибесі бар, кәсіби даярлықтан өткен жоғары білікті маман еді.

2025 жылғы 12 тамызда экипаж командирінің көмекшісі – капитан Амангелді Аман Нұрланұлының мәйіті табылды.

Ол – тәжірибелі ұшқыш, күрделі метеорологиялық жағдайларда бірнеше мәрте ұшуларды орындаған, түрлі деңгейдегі оқу-жаттығулар мен операцияларға қатысқан. Жоғары орындаушылық тәртібімен және мінсіз қызметтік беделімен ерекшеленген. EC-145 тікұшағындағы жалпы ұшу уақыты – 295 сағат.

"Үшеуі де Әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлектері болып табылады. Олар әріптестері мен басшылық арасында зор құрметке ие болған, әрдайым көмекке дайын, жанашыр азаматтар еді", – деп мәлімдеді ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрлік Сорбулақ көлінің акваториясы мен жағалау аумағын зерттеу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.

"Тікұшақтың фрагменттерін анықтау және су бетінен шығару жұмыстары жүргізілуде. Апаттың себебін анықтау мақсатында тергеу шаралары жалғасып жатыр", – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштерінің басшылығы қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларына және жақындарына терең көңіл айтады. Оларға барлық қажетті көмек көрсетілетін болады.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: