Алматы әкімінің тағы бір орынбасары өз орнын босатты
Сурет: gov.kz
Қалалық әкімдіктің ресми хабарламасына сәйкес, Асқар Әмрин 2025 жылдың 13 тамызында басқа лауазымға ауысуына байланысты қызметінен кетті.
Оның 2022 жылдың ақпан айынан бастап сәулет, қала құрылысы, қалалық ұтқырлық, энергетика, сумен жабдықтау, сондай-ақ экономика салаларына жетекшілік еткені белгілі.
Асқар Әмрин 1975 жылдың 1 қаңтарда СҚО-да дүниеге келген. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі, Корнель құқық мектебінің (АҚШ) құқық магистрі.
Еңбек жолын Ақмола облысы бойынша Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықта заңгер- консультант болып бастаған.
- 1997-2001 жылдары ҚР Әділет министрлігінде әртүрлі лауазымдарды атқарды;
- 2001-2003 жылдары – ҚР Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігі төрағасының орынбасары;
- 2003-2006 жылдары – ҚР Қаржы вице-министрі;
- 2007-2008 жылдары –"Lancaster Invest АҚ басқарушы директор;
- 2008-2009 жылдары –"Lancaster Invest" АҚ вице-президенті; "Lancaster Invest" АҚ бас директоры;
- 2012 жылы – ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жауапты хатшысы;
- 2012-2016 жылдары – ҚР Бас прокуратурасының Басшысы;
- 2016 жылы – ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті төрағасының бірінші орынбасары;
- 2016-2017 жылдары – Астана қаласы әкімінің кеңесшісі;
- 2017-2022 жылдары – Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары;
- 2022 жылы 3 ақпанда Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
2025 жылы 17 шілдеде Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының жаңа басшысы тағайындалды. Бұл лауазымға Алмас Жаңбыршы келді. Сондай-ақ, қазір қалада саябақтар, скверлер мен қалалық орта үшін жауапты жаңа басшы Батырхан Сүлейменов болды.
Сонымен қатар, 7 тамызда Әсем Нүсіпова да әкімнің орынбасары қызметінен босаған.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 3 тамызда Алматыға жұмыс сапары кезінде қала әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдаған болатын.