"Көшпенділер қаласы" Қонаев әкімдігінің меншігіне берілді: енді оның тағдыры қандай болмақ
Сурет: Қонаев қаласы әкімдігі
Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, "Көшпенділер қаласының" аумағы Іле өзенінің сол жағалауында орналасқан, аумағы 5,8 гектар. Нысанның баланстық құны – 15,4 млн теңге. Алайда жылдар бойғы пайдалану барысында кешен айтарлықтай тозып кеткен: кейбір құрылыстары жарамсыз болып, бастапқы келбетінің бірқатар элементтері жойылған.
"Қалалық мемлекеттік активтер және сатып алулар бөлімі ұсынған ақпаратқа сәйкес, енді бұл нысан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне бекітілді. Жоспарда – туристік бағытты дамыту, кешенді қаланың визиттік карточкасына айналдыру бар. Оның күтімі мен ағымдағы жөндеуі үшін бюджеттен қаржы бөлінеді", – деді Қонаев қаласы әкімдігі.

Сурет: Қонаев қаласы әкімдігі
Әкімдіктегілердің айтуынша, инфрақұрылымды дамыту жұмыстары басталып кеткен. "Көшпенділер қаласына" дейін ұзындығы шамамен 7 шақырым болатын жаңа жол салынып жатыр. Сонымен қатар жоба аясында электр беру желісін тарту, жол бойын жарықтандыру және автотұрақ ұйымдастыру көзделген. Жолдың ені – 7 метр, екі жолақты болады. Құрылыс жұмыстарына 41 маман мен 24 техника тартылған. Жол құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Бұған дейін Алматыда Салықов көшесінің бір бөлігі уақытша жөндеуге жабылғанын жазғанбыз.