Елімізде суға "паспорт" жасалмақ: цифрлық кадастр іске қосылады
Фото: wikimedia/Мирсаитов Ислам
Ведомство атап өткендей, елде "судың қара нарығын" жою бойынша жүйелі жұмыс басталды. Осы мақсатта министрлік Ішкі істер министрлігімен (ІІМ) және Бас прокуратурамен бірлесіп, су пайдалануға бақылауды күшейтуде.
Сондай-ақ "судың қара нарығына" қарсы күрес үшін Суару суын пайдалану қағидаларына, Әкімшілік және Су кодекстеріне қосымша түзетулер әзірленіп жатыр.
"Бұл өзгерістер каналдардан заңсыз су алудың алдын алуға бағытталған. Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі негізінде вегетацияны цифрлық мониторингтеу жүйесі жасалып жатыр", – делінген ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз хабарламасында.
Бұдан бөлек, мемлекеттік су кадастрын қалыптастыру мақсатында өзендер мен көлдерге паспортизация жүргізуді қайта бастау жоспарланып отыр.
Кадастр аясында еліміз бойынша және әрбір су шаруашылығы бассейні шегінде жерүсті су ресурстарын есептеу және бағалау жүзеге асырылады.
Сонымен қатар Орталық Азия аймақтық гляциология орталығымен бірлесіп, мұздықтар каталогын жасау жобасы қарастырылып жатыр.
10 қыркүйекте Су ресурстары және ирригация министрлігі жақсы жаңалықпен бөлісті: мамандардың айтуынша, Солтүстік Арал күткеннен де жылдам толып жатыр.