Астанада 50 көше жөнделеді
Сурет: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі
Елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлағандай, қала жүйелі түрде дамып келеді.
"Биыл жалпы ұзындығы шамамен 12,5 шақырым жаңа жол саламыз, сондай-ақ ұзындығы 58 шақырымды құрайтын 50 көшеге жөндеу жүргіземіз. Бұл жол жабындысының сапасын арттыруға, көлік желісіне түсетін жүктемені азайтуға және қозғалыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күнге дейін жалпы ұзындығы 49 шақырым болатын 41 көшедегі жұмыстар аяқталды. Мәселен, Абылай хан даңғылы (Пушкин көшесінен Манас көшесіне дейін), Фахд бен Абдул Азиз көшесі (Байсейтова көшесінен Бейсекова көшесіне дейін), Сейфуллин көшесі (Сарыарқа даңғылынан Республика даңғылына дейін), Жұмабаев көшесі (Момышұлы даңғылынан Қошқарбаев даңғылына дейін), Бөкей көшесі (Оқжетпес көшесінен тұйыққа дейін), Ақбидай көшесі (Қ. Кемеңгерұлы көшесінен Өндiрiс көшесіне дейін) және тағы басқалары.
Негізгі нысандар:
Бейсекова көшесі мен Тілендиев даңғылының қиылысындағы жолайырық. Биыл көпір өткелінің аралықтарын және съездерін монтаждау жұмыстары аяқталмақ.
Бұқар жырау көшесі (Жошы хан көшесінен Тәуелсіздік даңғылына дейін). Жоба тротуарлар, жарықтандыру, бағдаршамдар, инженерлік желілерді қоса алғанда, толық жол инфрақұрылымын қамтиды. Қазіргі уақытта абаттандыру жұмыстары аяқталды, үстіңгі қабат асфальт төселді, бағдаршамдар мен жарық бағаналары орнатылды. Қазіргі кезде қоректендіру кабельдері тартылуда, сондай-ақ "Заман" және "Ізет" тұрғын үй кешендері маңында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жобаны биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Қайсенов көшесі (Ұлы Дала даңғылынан Бұқар жырау көшесіне дейін). Инженерлік желілер тарту жұмыстары аяқталды. Жарық бағаналары мен жиектастар орнатылды. Қазіргі уақытта абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Асфальттың бірінші қабаты төселді. Барлық жұмыстарды қараша айында аяқтау жоспарланған.
Айтеке би көшесі (Мұхамедханов көшесінен Сығанақ көшесіне дейін). Жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарды толық аяқтау ағымдағы жылдың қазан айының соңына жоспарланған.
Мұхамедханов көшесі (Қорғалжын тас жолынан Айтматов көшесіне дейін). Құрылысы өткен жылы басталған. Биыл жол қозғалысын қамтамасыз ету көзделген, бұл ірі қиылыстардағы жүктемені азайтуға көмектеседі. Қазіргі уақытта жол жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы барлық инженерлік желілерді орнатып, Қорғалжын тас жолына дейін қозғалысты қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Т. Рысқұлов көшесі (Мәңгілік Ел даңғылынан Нұра көшесіне дейін). Көшеде абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жол бойында веложол салынды, Мәңгілік Ел даңғылынан Қайсенов көшесіне дейінгі бөлікте үстіңгі қабат асфальт төселді. Сондай-ақ бағдаршамдар орнатылды және блокты жинақталған трансформаторлық қосалқы станция салынды. Жобаны 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр", – деп жазды елорда әкімі.