Бірнеше күнде 25 адам өлімі: ІІМ маңызды үндеу жасады
Сурет: akorda.kz
ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов қаза болғандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтты.
"Бұл — жай ғана жол апаттары емес. Бұл — орны толмас адам шығыны. Аталған оқиғалар бойынша қылмыстық істер қозғалды. ІІМ тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ, өкінішке қарай, ешқандай тергеу қаза тапқандардың өмірін қайтара алмайды. Барша жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жолдаймыз: жол қателікті кешірмейді! Жылдамдықты арттыру. Қарсы бағытқа шығу. Қауіпті маневр жасау. Қауіпсіздік белдігін тақпау. Мұның бәрі адам өміріне қауіп төндіретін қателіктер, — деді Ғалым Сарғұлов.
Ішкі істер министрлігі жолдағы бақылауды күшейтуде. Ауқымды тексерістер, рейдтер, қалааралық бағыттар мен жеке тасымалдаушыларға мониторинг жүргізіледі. Көліктің техникалық жағдайына және жүргізушілердің жауапкершілігіне ерекше назар аударылады.
Сондай-ақ, министрлік жолдағы қауіпсіздік тек полицияның жұмысы емес екенін атап өтті.
"Бұл — әрбір азаматтың жеке тәртібі мен жауапкершілігі. Өз өміріңізді және басқалардың өмірін сақтаңыз. Жолдағы бір ғана қате шешім орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін".ІІМ баспасөз қызметі
Еске салсақ,Маңғыстау облысында 11 қыркүйекте жолаушылар тасымалдаған шағын автобус апатқа ұшырап, ірі жол-көлік оқиғасы орын алды. Апат салдарынан сегіз адам оқиға орнында, тағы екі адам ауруханаға барар жолда көз жұмды. Сондай-ақ, Жетісу облысында 14 қыркүйек күні шамамен сағат 01:30-да Алматы – Өскемен тасжолында болған жол апаты 10 адамның өмірін қиды. Қарағанды облысында да жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 5 адам көз жұмды.