Әйел әлеуметтік желідегі танысын 5 млн теңгеге қарызға батырды
Фото: pxhere
Өңірлік соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, бұған дейін бірнеше рет сотталған әйел жалған есіммен әлеуметтік желіде ер адаммен танысып, онымен қарым-қатынас орнатып, қалыңдық ретінде Арқалық қаласына қоныс аударған.
"2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың ақпанына дейін ол жәбірленушілер – күйеу жігіт пен оның туыстарының сенімін пайдаланып, бірнеше микроқаржылық ұйымнан олардың атына несие рәсімдеген. Алынған қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсаған", – делінген сот хабарламасында.
Нәтижесінде тоғыз жеке тұлға мен жеті заңды тұлға зардап шегіп, жалпы материалдық шығын шамамен 5 млн теңгені құрады.
Сот үкімімен әйел алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап-арыздары да қанағаттандырылды.
Айыпталушы сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіргенімен, үкім өзгеріссіз қалдырылып, заңды күшіне енді.
Бұған дейін Алматыда алматылықтарды балаларын 100% шетелдік ЖОО-ларға түсіремін деп сендіріп, 168 млн теңге жымқырған алаяқ сотталған болатын.