Қазақстандағы сиыр еті бағасы: министрлік түсінік берді
Сурет: pixabay
Министрліктің дерегінше, 1 келі сиыр етінің орташа өзіндік құны 2 800-3 100 теңге аралығында. Көтерме саудадағы шамамен 15% үстемеақыны қосқанда, баға 1 кг үшін 3 400-3 500 теңге деңгейінде қалыптасып отыр.
Өзбекстан мен Тәжікстанда – 1 келі сиыр еті 6 500 теңгеге дейін, Ресейде – 8 500 теңгеге дейін, Қытайда – 8 000 теңгеге дейін, Түрікменстанда – 9 000 теңгеге дейін, ал Түркияда – 13 000 теңгеге дейін жетеді.
Министрлік түсіндіргендей, ірі қара малдың тірі салмағының 50–60%-ы ғана ет ретінде пайдаланылады. Оның ішінде тек 15–20%-ы премиум санатқа жатады (филе, рибай, жамбас еті), орта деңгей – 40–45%, төменгі деңгей – шамамен 25%. Ал сүйек, май және қалдық бөлігі – 15–20%-ды құрайды. Сондықтан бөлшек саудадағы баға тек өзіндік құнға ғана емес, еттің сапасына, тағамдық құндылығына, малдың семіздігіне және қайта өңдеу тәсіліне байланысты.
"Елордадағы сауда нүктелерінде ет жеткізу, сақтау және басқа да объективті шығындар ескеріле отырып сатылады. Соның нәтижесінде Астанада бөлшек саудадағы баға килограмына 3 700–4 300 теңгеге дейін жетеді. Ал қабырға-жауырын бөлігі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне енгізілгендіктен және бұл санатқа сауда үстемесі 15%-дан аспайтындықтан, килограмына 3 100–3 400 теңге бағамен сатылады. Өңірлерде еттің бөлшек саудадағы орташа бағасы килограмына 3 500–4 300 теңге құрайды". ҚР АШМ баспасөз қызметі
Ал жоғары деңгейлі бөліктердің (сиыр филесі, қалың және жіңішке жиегі, белдің бір бөлігі) және басқа да бөліктердің (жамбас еті, іш майы және т.б.) бағасы мемлекет тарапынан реттелмейді, нарықтық жолмен қалыптасатыны да нақтыланады.
Бағаны тежеу шаралары
АШМ негізсіз қымбаттаудың алдын алу үшін жүйелі шараларды жалғастырып жатыр. Олардың қатарында:
- бордақылау алаңдары мен шаруашылықтарды жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын кеңейту;
- ет өңдеу кәсіпорындарын салу және жаңғыртуды қолдау;
- форвардтық сатып алу мен интервенциялар арқылы бағаны тұрақтандыру;
- өнім өткізу тізбегінде бәсекелестік заңнамасының сақталуына бақылауды күшейту бар.
Ведомство әкімдіктермен және мүдделі ұйымдармен бірлесіп жағдайды тұрақты қадағалап отыр. Бұл шаралар халық үшін азық-түлік қауіпсіздігі мен ет өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.