Бүгін - Еңбек күні
Сурет: Zakon.kz
Еңбек күні - Қазақстан күнтізбесінде кейіннен келіп қосылған мерекелердің бірі. Оны 2013 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми түрде тағайындап, қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтілетіндей етіп бекітті.
ҚР Үкіметі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір елімізде шамамен 2,5 млн маман еңбек етеді. Олардың қатарында шахтерлер, металлургтер, педагогтар, энергетиктер, медицина қызметкерлері, құрылысшылар, агрономдар, технологтер және басқа да сала өкілдері бар.
"Үкімет жұмысшы мамандықтары иелеріне әрдайым жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Өндірістегі еңбек жағдайы жақсартылып, ондағы үдерістер автоматтандырылуда. Техникалық білім беру жүйесі реформаланып, кәсіби стандарттар жаңартылуда. Ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс нығайып келеді. Жұмысшы мамандықтарына арнап жайлы жағдай жасау бағытындағы маңызды қадамның бірі – Президент бастамасымен Отбасы банкінде арнайы "Наурыз жұмыскер" бағдарламасының іске қосылғаны болды. Бүгінде бұл бағдарлама арқылы 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болды", делінген хабарламада.
Күні кеше премьер-министр Еңбек күні қарсаңында ұйымдастырылған "Еңбек адамы – Ел мақтанышы" республикалық форумына қатысты. Олжас Бектенов Мемлекет басшысының атынан ел экономикасын нығайтуға және дамытуға үлес қосқан жұмысшы мамандықтары өкілдеріне мемлекеттік наградалар табыстады.
Форумға қатысушыларға арнап сөйлеген сөзінде премьер-министр президенттің Ұлттық құрылтайда белгілеп берген "Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс" қағидаты бүгінде Қазақстан қоғамының дамуындағы басты бағытына айналғанын атап өтті.
Іс-шара барысында Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры Жилбер Фоссун Хунгбо форум қатысушыларына бейнеүндеу жолдады. Ол әлеуметтік диалогты қамтамасыз етуде және еңбек нарығының инклюзивті әрі тұрақты дамуына жәрдемдесуде шешуші рөл атқаратын жұмыс берушілер мен қызметкерлердің өкілді ұйымдарының маңыздылығын атап өтті.
"Бүгінгі таңда әлеуметтік серіктестер осы диалогты дамытып, әрі қарайғы қадамдарды анықтап, бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыруда", - деді ХЕҰ басшысы.
Айта кетсек, 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге кәсіби даярлығы жоғары, білікті жұмысшылар өте қажет екенін айтқан болатын. Сондай-ақ бүгін, 28 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Еңбек күнімен құттықтады.