Бүгін – Еңбек күні
Биыл бұл айтулы күн 29 қыркүйекке тұспа-тұс келіп отыр.
"Кәсіби дағдыларды ұрпақтан-ұрпаққа беретін жүздеген еңбек әулеті бар, олардың ішіндегі ең ірілерінің жалпы еңбек өтілі 3,3 мың жылдан асты.3,4,5 және одан да көп буын бойына ондаған мың еңбек сағаттарында жинақталған тәжірибені отандық мамандар жинақтап, өз ұрпағына аманаттайды. Қазақстанда өз өмірін белгілі бір кәсіпке арнаған әулеттерге ерекше құрметпен қарайды", делінген Орталық коммуникациялар қызметі таратқан хабарламада.
Айта кетсек, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2016 жылдан бастап жыл сайын Еңбек күнін мерекелеуге және "Еңбек адамын" құрметтеуге орайластырылған "Еңбек жолы" республикалық конкурсын өткізеді, ол нәтижелі еңбекті ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы мамандықтарды кеңінен насихаттауға және жұмысшы әулеттердің көпжылдық дәстүрлерін нығайтуға бағытталған.
Әр жылдары байқауда түрлі салалар мен кәсіпорындардың жұмыскерлері марапатталады.
Мысалы, 2022 жылы Тукубаевтар әулеті марапатталды, олардың жалпы еңбек өтілі - 600 жылға жуық. Әулеттің негізін қалаушылар өткен ғасырдың 30-жылдарында теміржол саласында еңбек ете бастаған, олар Түркістан-Сібір магистралінің құрылысына қатысқан.
Өткен жылы тағы бір "теміржолшылар" әулеті – Амангелдиндер отбасы атап өтілді. Төрт ұрпақ теміржолда жарты мың жылдан астам жұмыс тәжірибесін жинақтап, бірнеше рет түрлі кеңестік және қазақстандық наградалардың, ордендер мен медальдардың иегерлері атанды.
Тағы бір ерекше мысал – Құрманғалиевтер отбасы. Олардың еңбек әулеті марапаттау кезінде орман шаруашылығы саласында 458 жылға жуық еңбек өтілін "жинағаны" және төрт буында 25 өкілден тұратыны айтылды.
Сондай-ақ, "Екібастұз ГРЭС-2 станциясы" АҚ-да еңбек ете отырып, Павлодар облысында электр энергиясын өндірудің тұрақтылығын қамтамасыз етуге үш ұрпақ бойы атсалысып келе жатқан Сейтжановтар әулетін атап өтуге болады. Олардың жиынтық еңбек өтілі 200 жылға жуықтайды.
Бұған дейін Қазақстан халқы қазан айында қанша күн демалатыны хабарланған.