Алматыда қар мен суық күндер жақындап келеді
Сурет: Zakon.kz
"Қазгидромет" РМК Алматы және Алматы облысы филиалының жетекші инженер-синоптигі Дәулет Кісебаевтың айтуынша, кейінгі тәулікте қалада ауа райы тұрақсыз болды.
Осыған байланысты 1 қазан кешкісін және 2 қазан түнде Алматының жоғарғы бөлігінде жаңбыр қарға ұласуы мүмкін.
"Фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты 1 қазан күні таңертең және күндіз жаңбыр жауады, кей жерде жауын мол түседі. Сондай-ақ 2 қазан кешке және түнде қаланың жоғарғы бөлігінде, негізінен таулы аймақтарда, жаңбыр қарға және сулы қарға ауысуы мүмкін", - деді Дәулет Кісебаев.
Синоптиктің айтуынша, фронттардың өтуінен кейін өңірге жоғары қысым өрісі енеді. Бұл жылы ауа массаларын ығыстырып, температураны төмендетеді. Қалада ауа +3…+5°C-қа дейін салқындайды.
"Таулы аймақтарда ауа райы бұдан да суық болады. Мыңжылқы тау жазығында температура -8…-10°C-қа дейін төмендейді", - деді ол.
Алматыдағы алдағы үш күннің ауа райы болжамы:
- 1 қазан: бұлтты, таңертең және күндіз жаңбыр, кейде қатты. Шығыс желі 3-8, екпіні 13 м/с. Түнде және күндіз +6…+8°C, кейін төмендейді.
- 2 қазан: ауыспалы бұлт, түнде жауын-шашын (негізінен жаңбыр), тұман. Шығыс, оңтүстік-шығыс желі 2-7 м/с. Түнде +3…+5°C, күндіз +10…+12°C.
- 3 қазан: ауыспалы бұлт, жауын-шашынсыз. Солтүстік жел 2-7 м/с. Түнде +3…+5°C, күндіз +13…+15°C.
Дауылды ескерту:
1 қазан күні күндіз Алматы облысының оңтүстігінде және таулы аудандарында жауын-шашын (жаңбыр, қар) мол жауады. Сондай-ақ оңтүстікте және таулы аймақтарда тұман түседі. Шығыстан соғатын желдің екпіні солтүстікте, оңтүстікте және таулы аймақтарда 15-20, түнде кей жерлерде 25 м/с-қа жетеді. Облыстың солтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Қалада тұрақты қар жамылғыс әлі қалыптаса қоймайды. Мұндай құбылыс тек қараша айының соңында – желтоқсан басында болуы мүмкін. Ол кезде қар еріп үлгермей, тұрақты төмен температураның әсерінен жерге орнығады.
Еске салайық, 2024 жылы Алматыда алғашқы қар 16 қазанда жауған еді. Түске дейін жауған нөсер жаңбыр түстен кейін ірі қар түйіршіктеріне ұласқан.