БҚО-да мұғалімдерге құрмет көрсетілді
Сурет: БҚО әкімдігі
Салтанатты кеш барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев білім саласының маңыздылығына тоқталып, ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтады.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында ұстаз мәртебесін арттыру, кәсіби дамуына жағдай жасау, білім беру саласына заманауи технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу мәселелеріне баса назар аударды. Бұл – сіздердің қоғамдағы маңызды рөлдеріңізге берілген зор баға. Соңғы үш жылда өңірімізде 7526 орынға арналған 26 мектеп бой көтерсе, биыл "Келешек мектептері" жобасы аясында тағы 11 мектептің құрылысы жоспарланған. Сонымен қатар, 29 ұстаз "Үздік педагог" атанып, 100-ден астам мұғалім түрлі мемлекеттік наградаларға ие болды. №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Эльмира Траисоваға "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілді. Бұл – ұстаз еңбегінің еленгенінің айқын көрінісі", - деп сөзін сабақтаған өңір басшысы ұстаздарға еңбекте табыс тіледі.

Сурет: БҚО әкімдігі
Биыл мереке қарсаңында өңірімізде бірқатар педагогтер мемлекеттік марапатқа ие болды. Атап айтсақ, Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеші-анасы Шынар Хамзина – "Құрмет" ордені, №35 мектеп-лицейінің мұғалімі Сәлима Әлиева, "Мақсат" жоғары медициналық колледжінің оқытушысы Аягөз Хамзина, "Сәулет" мектеп-лицейінің директоры Аққаным Бисалиева "Ерен еңбегі үшін" медалін иеленді.

Сурет: БҚО әкімдігі
Сондай-ақ,бұл күні білім саласында тынбай еңбек екен бірқатар педагогке "Білім беру ісінің құрметті қызметкері", "Ы. Алтынсарин" төсбелгісі, облыс әкімінің алғысхаты және өзге де марапаттар табысталды. Олардың қатарында Тасқала ауданы, Сәулет мектеп-лицейінің география пәнінің мұғалімі Жанболат Айтжанов, Сырым ауданы, Ж.Досмұхамедов атындағы МББК-ң логопед-мұғалімі Бижамал Қарасаева, Орал қаласындағы Эстетикалық бағыттағы гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Ақгүл Рахметова тағы басқалар бар.

Сурет: БҚО әкімдігі
Мерекелік кеш шымылдығын ашқан сахналық көрініс – ұстаз бен жасанды интеллекттің ара-жігін саралаған әсерлі қойылым болды. Немере мен атаның диалогы арқылы көрерменге рухани құндылықтар мен шынайы адам тәрбиесінің қайнар көзі ұстаз екенін терең жеткізді.
Салтанатты шарада Ақжайық ауданының балалар шығармашылық орталығы мен Оқушылар сарайының вокалдық топтары, "Инабат" би ансамблі мен №1 Балалар өнер мектебінің хоры өнер көрсетті. "Ұстазым" әні шырқалып жатқанда, сахнада ардагер ұстаздарға гүл шоқтары табысталды.