Қазақстанда мұғалімдер күні атап өтелуде

Мұғалімдер күні, педагог, Қазақстан, сурет - Zakon.kz жаңалық 05.10.2025 09:25 Сурет: Zakon.kz
Қазақстанда педагогтардың кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күні 2023 жылдан бастап 5 қазанда атап өтіледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекеттік мерекелер тізіміне сәйкес, республикамызда бұл кәсіби дата осы уақытқа дейін қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келді. Ал 2023 жылдан бастап Үкіметтің тиісті қаулысына сәйкес, бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілген.

Мұғалімдер күні – білім беру саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. Бұл күні ұстаздар қауымының қоғам дамуындағы рөлі мен еңбегі, оған қосатын зор үлесі аталып өтіледі.

Айта кетсек, Дүниежүзілік мұғалімдер күнін бекітуге 1966 жылы 5 қазанда Парижде өткен Мұғалімдердің мәртебесі туралы арнайы үкіметаралық конференция ұйытқы болды. Нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері "Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар" құжатына қол қойды. Дүниежүзілік мұғалімдер күні алғаш рет 1994 жылы 5 қазанда атап өтілді.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде еліміздің барлық білім беру ұйымдарында 600 мыңға жуық педагог еңбек етуде. Оның ішінде 400 000-нан астам педагог – мектептерде. Олардың 76 364-і ер адамдар болса, 331 638-і – әйелдер. Мектептерде еңбек өтілі 30 жыл және одан көп мұғалімдер саны 73 900 адамды құрайды. 42 000-нан астам педагог техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында қызмет етеді. Мектепке дейінгі ұйымдарда 102 000-нан астам тәрбиеші жұмыс істейді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артқанын баса атап өтті. Осы уақытта 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылды. "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп салынды. Бұдан бөлек, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысына алпыстан астам мектеп салынды. Тағы 30-ға жуығы салынып жатыр.

"Педагог мәртебесі туралы" арнайы заң қабылданды. "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" атағы белгіленді. Бүгінде 74 мұғалім осы құрметті атаққа ие болды. Былтыр 2 ұстаз "Қазақстанның Еңбек ері" атанды. Бұл – барша педагогтер қауымына көрсетілген зор құрметтің белгісі. Соңғы төрт жылдың ішінде олардың жалақысы 2 есе өсті. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді. "Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы" жобасы қолға алынды. Осы жобаға қатысқан 332 маман мектеп директоры болып тағайындалды. Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылды. Ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс", - деді аталған жиында Мемлекет басшысы.

Бұған дейін биылдан бастап "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырыла бастайтыны хабарланған.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: