Сотталғандарға қатысты қоғамдық жұмыс тәртібі күшейтілді

Қазақстанда сот үкімі бойынша қоғамдық жұмыстарға тартылған адамдарға қатысты жаңа ережелер бекітілді, деп хабарлайды Zakon.kz., сурет - Zakon.kz жаңалық 07.10.2025 13:06 Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Қазақстанның ішкі істер министрі 2025 жылғы 30 қыркүйекте пробация қызметінің жұмысын және қоғамдық жұмыстарға тартылған сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру қағидаларын өзгерту туралы бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қағидаға сәйкес, сот үкімі немесе қаулысы түскен күннен бастап пробация қызметі:

  • он күнтізбелік күннен кешіктірмей қоғамдық жұмыстарға тартылған сотталғанды шақырады;
  • сотталғанға жаза өтеу тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ бақылау рәсімдерін түсіндіреді;
  • сотталғанды үкіммен, сот қаулысымен және әкімдік тарапынан ұйымдастыру туралы өкіммен бес жұмыс күні ішінде таныстырады;
  • қоғамдық жұмыстардың орындалуын жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бақылайды, қажет болған жағдайда оның орындалуын техникалық түрде тіркейді;
  • әкімдіктен ай сайын түскен есеп пен актілерге сәйкес, сотталғанмен профилактикалық әңгіме жүргізеді.

Сондай-ақ пробация қызметі тоқсан сайын бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет-ресурстарда қоғамдық жұмыстардың орындалу барысы туралы ақпарат жариялап отырады.

Пробация қызметі сотталған адамды тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы органға жіберген кезде оған қоғамдық жұмыстарды орындауға арналған бағыттама анықтама табыстайды.

Бұл анықтамада сотталған адамның анкеталық деректері, тұрғылықты мекенжайы және негізгі жұмыс (немесе оқу) орны, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің қай бабымен сотталғаны, қоғамдық жұмыстардың ұзақтығы (сағатпен), жергілікті атқарушы органға келу күні және бұл мерзімнің есептелу тәртібі (ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 58-бабына сәйкес) көрсетіледі.

Сонымен қатар, сотқа дейінгі пробация ерікті түрде келесі күдіктілер мен айыпталушыларға қолданылады:

  • кәмелетке толмағандар;
  • мүгедектігі бар адамдар;

әйелдер:

– 58 жастан асқан;

– жүкті;

– үш жасқа дейінгі баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған;

ер адамдар:

– 63 жастан асқан;

– үш жасқа дейінгі баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған.

Бұрынғы құжатта тек кішкентай баласы бар ер адамдар туралы айтылған болатын.

Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстарға тартылған адамдардың еңбегін ұйымдастыру қағидаларына да өзгерістер енгізілді.

Жергілікті атқарушы орган сот үкімі немесе қаулысы түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде:

  • арнайы біліктілікті қажет етпейтін қоғамдық пайдалы жұмыстардың түрлерін және олардың орындалатын нысандарын анықтайды;
  • сотталған адамның деректері, жұмыс түрі, оны орындау орны мен шарттары, жауапты ұйым және жұмыс уақыты көрсетілген өкім шығарады;
  • пробация қызметіне тиісті хабарлама жібереді.

Қоғамдық жұмыстардың ұзақтығы күніне төрт сағаттан аспауы тиіс, ал тұрақты жұмысы немесе оқу орны жоқ сотталғандарға күніне сегіз сағатқа дейін, бірақ аптасына 40 сағаттан аспауы керек.

Жергілікті орган сотталған адамды жарқырағыш жолағы бар қызғылт сары түсті жилетпен, сондай-ақ қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді.

Әр айдың соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей пробация қызметіне атқарылған жұмыс уақытының есебі мен орындалған жұмыстардың актісі, сондай-ақ сотталған адамның тәртібі туралы ақпарат жолданады.

Сондай-ақ, пробация қызметіне қоғамдық жұмыстардан жалтару фактісі туралы хабарлау міндеттеледі.

Қоғамдық жұмыстарға тартылғандарға арналған жилет үлгісі бекітілді.

Жилет қызғылт сары түсті, бір жарық шағылыстырғыш жолағы бар және үстінде "ҚОҒАМҒА ҚАРЫЗДЫ ҚАЙТАРУ" және "ОТДАТЬ ДОЛГ ОБЩЕСТВУ" деген жазулар болады.

Бұйрық 2025 жылғы 14 қазанда күшіне енеді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: