Еңбек нарығындағы жаңа көрсеткіш: қазақстандықтар қанша табады
Фото: Zakon.kz
Бюроның дерегінше, зерттеу еліміздегі барлық ірі кәсіпорындарды және орта мен шағын кәсіпорындардың 30%-ын қамтыған. Есептеу кезінде барлық үстемеақы, сыйақы, салық және зейнетақы жарналары ескерілді.
Толық ай жұмыс істеген қызметкерлер саны – 3 338 340 адам. Оның ішінде ерлер – 48,5% (1,62 млн), әйелдер – 51,5% (1,72 млн).
"2025 жылы медианалық жалақы 317 512 теңге болды. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 285 677 теңгені құраған. Яғни бір жыл ішінде медианалық жалақы 11,1%-ға артты", – делінген бюро хабарламасында.
Орташа айлық жалақы 410 965 теңгені құрады.
- Орта білімді қызметкерлердің орташа айлығы – 289 673 теңге;
- Жоғары білімділердің айлығы – 497 563 теңге;
- Жоғары оқу орнынан кейінгі білімі барлардың жалақысы – 672 493 теңге.
Анықтама ретінде: медианалық жалақы – бұл қызметкерлерді екі тең топқа бөлетін көрсеткіш, яғни жартысы осы сомадан аз табыс табады, ал екінші жартысы – көбірек. Сондықтан медиана халықтың нақты табысын дәлірек көрсетеді, себебі орташа жалақы жоғары табыс алатын аз ғана топтың әсерінен бұрмалануы мүмкін.
Айта кетейік, 2025 жылғы 9 қазанда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Аскарбек Ертаевтың айтуынша, қазақстандықтың күнделікті қажеттілігін қамтамасыз ету үшін оның табысы кем дегенде медианалық деңгейден төмен болмауы тиіс.