Ешқандай бұзу әрекеті болған жоқ – Цифрлық даму министрлігі 16 млн қазақстандықтың деректері жайлы
Фото: Zakon.kz
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев 2025 жылдың 21 қазанында Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте маусым айында орын алған 16 млн қазақстандықтың жеке деректерінің таралуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Оның айтуынша, деректердің басым бөлігі 2022 жылы ұрланған.
"Тексеру барысында оқиғаның қалай болғанына қатысты белгілі бір белгілер анықталды. Соның ішінде деректердің заңды тіркелгі арқылы таралуы мүмкін деген нұсқа қарастырылып жатыр. Айта кетейін, ешкім жүйені бұзған жоқ", – деді Мұсалиев.
Вице-министрдің мәліметінше, ақпаратты жеке деректерге ресми қолжетімділігі бар адам ұрлаған болуы ықтимал.
"Яғни, жүйеге ресми қолжетімділігі бар тұлға логин мен құпиясөзді өзі пайдаланған немесе үшінші тұлғаларға берген болуы мүмкін. Соның нәтижесінде база толық көшіріліп алынған деген нұсқа бар. Барлық материалдар тиісті органдарға жолданды. Тергеу құпия болғандықтан, қосымша ақпарат әзірге берілген жоқ", – деп түсіндірді ол.
Еске салайық, маусым айында ЦАРКА 16 миллион адамның жеке деректерінің таралуы туралы ресми мәлімдеме жасаған болатын.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript