"Мемлекеттік сатып алу туралы" заңның қолданысқа енуімен не өзгерді
Фото: Zakon.kz
Мұнымен қоса, сатып алу рәсімдерін оңайлатуға және одан әрі автоматтандыруға негіз болды. Атап айтқанда, заң күшіне енген соң:
- Сатып алу рәсімдеріне қоғамдық мониторинг енгізілді,
- Сатып алу қорытындыларына шағымдану тәртібі қайта қаралды,
- Жеткізушілердің жауапкершілігі күшейді,
- Мемлекеттік сатып алу қағидалары аясында сатып алу мерзімдері мен рәсімдері қысқарды.
Мысалы, конкурстық құжаттаманы алдын ала талқылау – 5 жұмыс күнінен 2 жұмыс күніне дейін, конкурстық өтінімді қабылдау – 15 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қарау және қорытынды шығару – 10 жұмыс күнінен 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Осылайша, сатып алу процестерін жүргізуге қажетті күндердің жалпы саны орта есеппен 3 есеге қысқарды. Нақтыласақ, 30 жұмыс күнінен 10 жұмыс күніне дейін. Мұның барлығы сайып келгенде, мемлекеттік сатып алуда айлап күтетін процестерді жеделдетуге жол ашты.
Тағы бір қуантарлығы бақылаудың күшейгені. Соның ішінде құрылысқа байланысты жұмыстар бойынша да қоғамдық мониторинг енгізілді. Осыдан кейін жұмысты іске асыру кестелері, шарттардың орындалуы бойынша есептер баршаға ортақ қолжетімді жерлерге орналастырыла бастады. Осыған қоса шарттардың орындалуына мониторинг жүргізуге жұртшылықты тарту жоспарланған.
Сатып алуды жедел жүргізу және рәсімдерді созуға жол бермеу мақсатында шағымдарды сатып алуды ұйымдастырушының өзі қарайды. Сатып алу қорытындысына сотқа шағым берілген кезде сатып алу рәсімдерін тоқтатуға жол берілмейді. Мөлшері аз сатып алуды жүзеге асыру мақсатында 100 АЕК-ке дейінгі тауарларды, 500 АЕК-ке дейінгі жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді бір көзден алу құқығы енгізілді. Ауылдық әкімдіктер үшін бір көзден сатып алу шегі 3 мың АЕК-тен 4 мың АЕК-ке дейін ұлғайды.
Төтенше жағдайларға жол бермеуге қажетті тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді бір көзден алу тәсілімен конкурстық рәсімнен тыс сатып алу мүмкіндігі көзделген. Оңайлату мақсатында біліктілік талаптарына сәйкес келеді деп танылған бір өтінім ұсынылған болса, конкурс өткізілді деп танылады. Ал бұған дейін біліктілік талаптарына сәйкес келетін жеткізушілерден кемінде екі өтінімнің болуы қажет болатын.
2019 жылдан бері бір көзден мемлекеттік сатып алу көлемі 34 %-дан 26 %-ға дейін төмендеді. "Толық аяқталған" құрылыс тетігі енгізілді. Жобалаудан бастап, нысанды салуға және қолданысқа беруге дейiн жобаларды бiр мердiгер iске асыра алады. Нысандарды мәслихаттар бекітеді. Заңға сәйкес қосалқы мердігерге берілетін жұмыстар көлемі 50 %-дан 30 %-ға дейін қысқарып отыр.
Тағы бір маңызды өзгерісті айтар болсақ, мемлекеттік сатып алудың бірыңғай операторы – "Электрондық қаржы орталығы" АҚ-ның базасында қолданыстағы goszakup.gov.kz, zakup.sk.kz, mitwork.kz сынды сатып алу алаңдарын интеграциялау арқылы Бірыңғай сатып алу платформасы құрылды. Ол мемлекеттік сатып алуларға, ұлттық компаниялардың және "Самұрық-Қазына" қорының сатып алуларына қатысуға қол жеткізу үшін ортақ мүмкіндік тудырды.
Бұдан бөлек, отандық өндірушілерді қолдау мақсатында отандық өндірісті ынталандыру жөнінде іс-шаралар қабылданды. Мысалы, отандық өндірушілерге 30 % мөлшерінде міндетті түрде аванс төленеді. Әрі олар кепілді қамтамасыз етудің барлық түрлерінен босатылады. Оның ішінде шарттың орындалуын қамтамасыз ету, авансты қамтамасыз ету, сондай-ақ демпингке қарсы шаралар қабылданған жағдайда қамтамасыз ету сомасы бар. Бұдан бөлек, компаниялар шарттағы міндеттемелерді тиісінше орындамағаны үшін төлейтін тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) шарт сомасының 10 %-ынан 3 %-ына дейін азайған.
2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мемлекеттік сатып алу веб-порталында 110 мыңнан астам жеткізуші және 18 мыңнан астам тапсырыс беруші тіркеліпті. 2025 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу көлемі 9,4 трлн теңгені құрады. Осы мерзімде отандық тауар өндірушілермен жасалған шарттар саны – 140 712. Сомасы – 399,86 млрд теңге. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Демек, сатып алу процесіндегі жұмыстарға "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңның ықпалы тиді деп байлам жасасақ әбден болады.