Алматыдағы Ботаникалық бақта әйелді ит тістеп алды
Сурет: Zakon.kz
Әйелдің сөзінше, оқиға өткен аптада, сенбі күні болған. Оны саябақта жүргенде бір топ ит қоршап алып, кейін олардың біреуі өзін тістеп алған. Кейін әйелдің жарасын ресепшнде таңып берген, содан кейін емханаға барған.
Бақ өкілдері оқиғаға қатысты түсінік беріп, келушілердің қауіпсіздігі әрдайым бірінші орында екенін атап өтті. Бақта медицина қызметкерлері жұмыс істейді.
Мекеменің баспасөз қызметінің мәліметінше, Ботаникалық бақ – демалыс паркі емес, арнайы қорғалатын табиғи аумақ. Мұнда көптеген жабайы жануар мекендейді. Сол себепті де келушілер мұны ескеруге тиіс. Ал иттерді бақтың кең аумағы мен ондағы азық көзі қызықтырады.
Сондай-ақ мекеме қаңғыбас иттер мәселесін тек қаладағы арнайы қызметтер шешетінін, сол себепті бақ жануарларды ұстай алмайтынын мәлімдеді.
Ботаникалық бақ өкілдері болған жағдайға алаңдаушылық білдіріп, қонақтарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға үндеді:
- Серуендеуге болмайтын алыс аумақтарға бармау;
- Коллекциялық учаскелерге кірмеу;
- Жануарларға жақындамау;
- Иесіз иттермен кездесе қалғанда, оқыс әрекеттер жасамау;
"Қаңғыбас иттер тістеп алған жағдайда немесе олардың агрессив мінез-құлқын байқасаңыз, "Алматы ветеринарлық қызметінің" 109 немесе 8 (708) 595-64-04 нөміріне хабарласуыңыз керек", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Алматы маңында қабаған иттер 10 жастағы баланы талап тастағанын хабарлаған едік.