Жаңалықтар тізбегі
0

Алматыдағы ботаникалық бақта 100 түрлі өсімдік үсіп кеткен

Алматыдағы ботаникалық бақта 100 түрлі өсімдік үсіп кеткен, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.06.2024 09:26 Сурет: Zakon.kz
Алматыдағы ботаникалық бақта жылдар бойы баптап келген, сирек кездесетін, жүз түрлі тропикалық өсімдік биыл қыста үсіп қалды. Себебі, жылыжайдың күрделі жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Екі жыл бұрын басталған нысанның құрылысы биыл да тоқтап тұр.

Биыл оранжерея 20 градус аязда ашық қалған. Мамандар тропикалық өсімдіктер мұндай температураға бейімделмегенін айтады. Олар былтыр алты ай қыста тек қаңқасы тұрғызылып, жан-жағы қаңырап қалған жылыжайды күн сайын өздері жылытып, өсімдіктерді сақтап қалуға тырыстық, дейді.

"Оранжерея құрылысы басталған кезде біздің коллекциямызда 500-ден астам өсімдік түрі болған. Қазір 100-ден астамы үсіп қалды. Олардың ішінде 60-80 жылдық өсімдіктер де бар. Енді оларды қалпына келтіре алмаймыз. Кейбіреулерінің тұқымы коллекциялық қорда бар. Ал жерде тұрған өсімдіктер аман қалды, биік өскендері суыққа шыдамады." Шолпан Мүрсалимова, Тропикалық және субтропикалық өсімдіктер зертханасының меңгерушісі

Нысанды қайта жөндеу жұмыстары "SHAK" компаниясына берілген. Төлқұжатқа сәйкес, құрылыс 2022 жылы басталып, бір жылдан соң аяқталуы керек еді, деп жазады qazaqstan.tv.

"Оранжереяны жөндеу жұмыстарына 1 млрд 43 млн теңге бөлінді, оның 500 млн-ға жуығы игерілді, қалғаны бюджетте қалды. Құрылыс компаниясы жылыжайды уақытында тапсырмаған соң, біз сотқа бердік. Сот шешімі бойынша оларға нысанның жұмысын аяқтау міндеттелді." Гүлнар Ситпаева, "Ботаника және фитоинтродукция институты" рмк бас директоры

Ал "Shak" мердігер компаниясының өкілдері "құрылыс материалдары қымбат, ал бөлінген қаржы жұмысты толықтай аяқтауға жетпейді" деп қысқа қайырды.

"Бюджеттен бөлінген қаржы аз. Біз қайта жобалық смета жасап жібердік, алайда, ақша қарастырылмайтынын айтты.Біз инвестор тартуға барынша тырыстық. Алайда "Shak" компаниясы қара тізімде тұр." Владимир Копылов, "Shak" құрылыс компаниясының өкілі

Ал ботаникалық бақтың заңгері, егер мердігерді қайта таңдайтын болсақ, бұл процесс ұзақ уақытты алуы мүмкін, дейді.

"Ендігі жұмыстар, демеуші табылса, сол өз ақшасына мына объектіні аяқтап берсе, басқа құрылыс компаниясын жалдап, біз мемлекет арқылы алсақ. Біріншіден көп уақыт кетеді, екіншіден біздің сметалық құжаттамамыз 3 жыл өтіп кетті, оны қайтадан біз жасауымыз керек, қайтадан экспертизадан өткізуіміз керек." Ерік Тойжанов, "Ботаника және фитоинтродукция институты" РМК заңгері

Тамыз айына дейін демеуші компания табылса, жылыжайдың құрылыс жұмысы басталады. Бірақ жоба өте күрделі, тәжірибелі мамандарды қажет етеді, сондай-ақ, тағы қанша жылға созылары белгісіз. Ал мұндағы сирек кездесетін өсімдіктердің алдағы қыстан аман шығарына ешкім кепіл бермейді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: