Қазақстанда қанша радиоактивті қалдық бар
Сурет: pexels
Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Сергазин Мәжілісте өткен жиында Қазақстан аумағындағы радиоактивті қалдықтарды жою жұмыстары қалай жүргізілетіні туралы айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ғұмар Сергазиннің айтуынша, қазіргі таңда ел аумағында шамамен 293 миллион текше метр радиоактивті қалдық бар.
"Оның басым бөлігі, шамамен 290 миллионы – төмен деңгейлі радиоактивті қалдықтар. Оның 237 миллионы Семей сынақ полигонына тиесілі. Бұл — радиациямен ластанған топырақ, ол жерден алынып тасталған. Негізінен 290 миллионы – төмен белсенді қалдықтар. Қалғандары – орта және жоғары белсенді қалдықтар, олар Ұлттық ядролық орталық, Ядролық физика институты, Өскемендегі Үлбі зауыты, Степногор тау-кен химия комбинаты, сондай-ақ Ақтаудағы "Қошқар-Ата" мен Химия-гидрометаллургиялық зауыт сияқты кәсіпорындардан шығады", - деді ол.
Мәлімет бойынша, сұйық радиоактивті қалдықтарды жою және қауіпсіз күйге келтіру үшін шамамен 21 миллиард теңге қажет.
"Әрине, бұл бюджетке үлкен салмақ түсіреді. Сол себепті біз Еуропалық қайта құру және даму банкімен жұмыс бастадық. Қазір келісім жобасы мен жол картасы дайындалып жатыр. Бұл жоба Орталық Азия елдерінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында іске асырылады және қатысушы елдердің гранттық қаржысы есебінен тегін жүзеге асырылады", - деді спикер.
Оның айтуынша, осы қаражат есебінен сұйық радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз күйге келтіру жұмыстары жүргізіледі.
"Біз қазір гранттық қаржыландыру тарту бағытында жұмыс істеп жатырмыз, осылайша республикалық бюджет қаражатын жұмсамай-ақ, тиісті жұмыстарды атқаруға мүмкіндік туады. Заң жобасы қабылданған жағдайда, бізге өзге де қаржы көздерін тартуға құқықтық негіз қалыптасады. Бұл тек МАЭС-тегі сұйық радиоактивті қалдықтарды емес, сонымен бірге реакторды толықтай пайдаланудан шығару ісін де қамтиды", - деді Ғұмар Сергазин.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript