Қазақстанда сұйытылған газды шығаруға тыйым ұзартылды
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасынан сұйытылған мұнай газын, пропан мен бутанды автомобиль және теміржол көлігімен алты ай мерзімге шығаруға тыйым салынады.
Тыйымнан тыс жағдайлар:
- өнімді Президент бекіткен өнімді бөлу туралы келісім немесе жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшарт шеңберінде өндірген, салық режимінің тұрақтылығына ие жер қойнауын пайдаланушылардың экспорты;
- Қарашығанақ кен орнынан өндірілген қазақстандық шикізаттан алынған (қайта өңделген) тауарларды ҚР халықаралық шарттарына сәйкес шығару;
- Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өтетін, басталуы мен аяқталуы ел аумағынан тыс жерлерде орналасқан тасымалдар;
- ҚР Үкіметінің шешімі бойынша гуманитарлық көмек ретінде шығарылатын тауарлар.
Бұйрық 2025 жылдың 14 қарашасынан бастап күшіне енеді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, тыйымды ұзарту туралы шешім биылғы жылдың қазан айының басында өткен Сыртқы сауда жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында мақұлданған.
Еске салайық, 2025 жылдың мамыр айының ортасында Қазақстанда ішкі нарық қажеттілігін қамтамасыз ету үшін сұйытылған мұнай газы, пропан және бутанды автомобиль және теміржол көлігімен сыртқа шығаруға салынған алдыңғы алты айлық тыйым да ұзартылған болатын.
Сондай-ақ, Қазақстан мұнай өнімдерін шығаруға тыйымды да ұзартқаны хабарланған еді.